Бүгінде балалар мен жасөспірімдер көп уақытын смартфонға жұмсайды. Әлеуметтік желілер, мобильді ойындар, YouTube немесе TikTok – олардың бос уақытын түгелдей алып, экран алдында сағаттап отыруына себепші болады. Зерттеулерге сүйенсек, орта есеппен бала күніне 3-7 сағат, ал жасөспірімдер 9 сағатқа дейін телефон қолданады.
Бұл жағдай ата-аналарды алаңдатпай қоймайды. Себебі ұзақ уақыт гаджетке телміріп отыру денсаулыққа зиян: көру қабілеті нашарлайды, физикалық белсенділік төмендейді, балада еңкіштік пайда болады, ал мектеп үлгерімі нашарлайды. Сондай-ақ, интернет кеңістігі кибербуллинг, қауіпті контент, онлайн алаяқтар сияқты түрлі қауіптерге толы. Балаларға смартфонды шектеусіз пайдалануға рұқсат беру дұрыс емес, бірақ оны толықтай тыйым салу да тиімді шешім бола алмайды. Сондықтан бүгінде ата-ана бақылауы функциясы бар арнайы қосымшалар танымал болып келеді.
Қалай жұмыс істейді?
Мұндай қосымшалар ата-аналарға келесі мүмкіндіктерді ұсынады.
Қолдану уақытын шектеу – бала смартфонды тек белгіленген уақыт аралығында ғана пайдалана алады. Белгіленген уақыт өткен соң, құрылғы автоматты түрде бұғатталады. Қолданбаларды бақылау – бала қандай қосымшаларды жиі қолданатынын бақылап, қажетсіздерін шектеуге мүмкіндік береді. Контентті сүзгілеу – зорлық-зомбылық, құмар ойындар, бейәдеп сөздер бар сайттар мен видеоларға кіруге тосқауыл қояды. Орналасқан жерін қадағалау – GPS арқылы баланың қайда жүргенін бақылауға мүмкіндік береді. Қоңыраулар мен хабарламаларды тексеру – кейбір қосымшалар бала кіммен сөйлесетінін бақылап, қауіпті контактілерді бұғаттауға көмектеседі.
Қазіргі таңда ең көп қолданылатын қосымшалар жайында айтып өтейін. Google Family Link – Google ұсынған тегін қосымша, ол экран уақытын шектеуге, контентті сүзуге және баланың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Kidslox – гаджеттерді қашықтан басқаруға, қолданбаларды бұғаттауға және экран уақытын шектеуге көмектеседі. Kaspersky Safe Kids – интернеттегі әрекеттер туралы есептер ұсынып, зиянды сайттарды автоматты түрде бұғаттайды. Norton Family – баланың интернеттегі белсенділігін қадағалап, ата-аналарға толық бақылау орнатуға көмектеседі.
Ата-аналар не дейді?
Көптеген ата-аналар мұндай қосымшаларды қолданып, олардың тиімділігіне көз жеткізген.
– Ұлым мектепке барған соң, үнемі телефоннан ойын ойнап, YouTube көретін болды. Біз Google Family Link орнатып, экран уақытын шектедік. Басында ұлым наразылық танытты, бірақ кейін үйреніп кетті. Қазір бос уақытын сабақ оқуға, спортқа арнайды, – дейді Тимурдың анасы Әлия.
Дегенмен, кейбір ата-аналар тым қатаң шектеулердің кері әсері болуы мүмкін екенін айтады.
– Қызым TikTok пен Instagram-да көп отыратын, тіпті түнге дейін видеолар көретін. Соның салдарынан ұйқысы бұзылып, сабақ үлгерімі нашарлай бастады. Біз экран уақытын күніне 2 сағатпен шектедік. Басында қиын болды, бірақ бір айдан кейін қызым ертерек ұйықтап, кітап оқуға қызыға бастады, – дейді ата-ана Лейла Шебекова.
Мамандардың айтуынша, гаджетке шамадан тыс тәуелділік балалардың дамуына кері әсер етеді. Бірақ ата-ана бақылауын шамадан тыс қолдану баланың жеке кеңістігін шектеп, қарым-қатынаста сенімсіздік тудыруы мүмкін.
– Егер ата-ана телефонды күштеп тартып алса немесе тым қатаң шектеу қойса, бала стресс пен наразылық сезінеді. Кейбіреулер тыйымды бұзудың жолдарын іздейді, ал кейбіреулер ата-анасымен қарым-қатынасты суытады. Сондықтан ең тиімді әдіс – балаға түсіндіру, онымен ашық сөйлесу, белгілі бір ережелерді бірге талқылау. Ата-ана бақылауы – бұл жай ғана құрал, ең бастысы – балаға дұрыс үлгі көрсету, – дейді психолог Әлия Жанабекова.
Психологтың пікірінше, тепе-теңдік сақтау маңызды. Баланың смартфон қолдануын шектеген жөн, бірақ оны қатаң түрде емес, ынталандыру арқылы жасау қажет. Мысалы, телефонды пайдалану уақыты шектелсе, бос уақытта бала басқа істермен айналысуы керек – кітап оқу, спорт, шығармашылық, отбасы мүшелерімен уақыт өткізу.
Гаджеттер қазіргі балалар өмірінің ажырамас бөлігіне айналды, сондықтан оларды толығымен алып қою мүмкін емес. Бірақ смартфонды шектеусіз қолданудың зиянды тұстары да бар.
Ата-ана бақылауы қосымшалары баланы интернеттегі қауіпті контенттен қорғауға, уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Бірақ ең бастысы – балаға гаджеттерді дұрыс пайдалануды үйрету. Ата-аналар баламен ашық сөйлесіп, оған өз уақытын басқаруды үйретсе, бала өзі де смартфон қолдану мәдениетін қалыптастырады.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО