Бүгін Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында Ашық есік күні өтті
Іс-шараға Әлеуметтік сақтандыру қоры, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) өкілдері қатысты. Іс-шараға қала тұрғындары үлкен қызығушылық танытты. Олар зейнетақы аударымдары, болашақ зейнетақыны есептеу, әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелері туралы сұрақтар қойды. Көптеген қатысушылар мамандардан нақты түсіндірме алып, қажетті ақпаратқа бір жерде қол жеткізе алды.
-Тұрғындар көбінесе артық төленген сақтандыру жарналарын қайтару туралы сұрайды. Кейбір азаматтар бірнеше айдың төлемін алдын ала жасап, кейін артық соманы қалай қайтаруға болатынын білгісі келеді. Сонымен қатар, бірнеше ай бойы төлем жасамаған жағдайда не істеу керектігі туралы сұрақтар жиі қойылады, – дейді Қостанай облысы бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас сарапшысы Жанагүл Төлепова.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) өкілдері де азаматтардың зейнетақы жинақтарына қатысты сұрақтары көп екенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, зейнет жасына жеткен кезде жинақталған қаражаттың қаншалықты қолжетімді болатыны, зейнетақы мөлшері қалай есептелетіні және қаражатты алу шарттары қызықтырады.
– Мұндай іс-шаралар тоқсан сайын өткізіледі, ал Ашық есік күндері әр аптаның сәрсенбісінде ұйымдастырылады. Тақырыптар алдын ала жарияланып, кейбір күндері басқа мекемелердің мамандары да шақырылады, – дейді Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанна Турганова.
Мемлекеттік кірістер басқармасында өткен Ашық есік күні қостанайлықтарға өзекті ақпарат алып, мамандардан кәсіби кеңес алуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілетінін және талқыланатын тақырыптардың қала тұрғындарының сұранысына қарай анықталатынын мәлімдеді.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор