Қыз баланы тәрбиелеу – ұлт болашағын тәрбиелеумен тең
Қазақ халқы ежелден қыз балаға ерекше мән беріп, оның тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған.
Бүгінде дәстүрлі тәрбиеге заманауи әдістер қосылып, өзгерген қоғам мен технологиялық дамудың әсерін ескере отырып жүргізілуде. Осы тақырып аясында біз жеті қыз өсіріп отырған Тахмина Есетовамен және «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ төрағасының орынбасары Гүлжамила Сүндетбаевамен әңгімелесіп, қазақы тәрбие мен қазіргі заманғы көзқарастардың ұштасуы туралы білдік.
Есетовтар отбасы – жеті қыздың ата-анасы. Олардың үлкені 17 жастағы Мадина болса, кейінгісі 15 жастағы Мақпал, 13 жастағы Мариям, 8 жастағы Ясмина, 6 жастағы Жания, 4 жастағы Дария және 2 жасар Камила. Бұл үйдің басты ұстанымы – мейірім мен сенімге негізделген жылы қарым-қатынас орнату.
— Біз қыздарымызға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға тырысамыз. Қыз бала өз үйінде өзін бағалы әрі маңызды сезінуі керек. Мен әрдайым олардың жетістіктерін атап өтіп, жақсы қасиеттерін ерекше айтып отырамын, — дейді Тахмина.
Отбасында жеке шекараларды сақтау мен қолдау көрсетуге баса мән беріледі. Ата-аналары қыздарына кез келген жағдайда өздерін жайсыз сезінсе, ол ортадан шыға алатындығы жайында түсіндіреді.
— Мен қыздарыма әрдайым айтатыным, егер мектепте немесе басқа ортада сендерді мазалайтын, ұнамайтын қарым-қатынас болса, оларға нақты шекара қою маңызды. Өз сезімдеріңізді елемеуге немесе біреудің көңілі үшін ыңғайсыз жағдайға төзуге міндетті емессіздер. Егер мұғалім ренжітсе немесе әділетсіздік болса, маған айтыңдар, біз бірге шешімін табамыз деп түсіндіремін, – дейді қыздардың анасы.
Тахмина қыз тәрбиесінде олардың мейірімді болуын ғана емес, интернеттің кері әсерінен қорғануды да үйрету маңызды екенін атап өтті. Ата-аналар балалардың телефондарын бақылап, оларды алаяқтар мен онлайн қауіптерден сақтандырады.
— Ана мен бала арасындағы толық сенім – тәрбиенің негізі. Әр қызым маған кез келген мәселесімен келе алатынын біледі. Біз оны міндетті түрде талқылап, шешім табамыз, — дейді ол.
Сонымен қатар, анасының көңіл-күйі балаларының бақытына тікелей әсер ететінін айтты.
— Егер анасы көңілді, тыныш болса, балалар да өзін бақытты сезінеді. Сондықтан мен өзіме уақыт бөлуге тырысамын, демаламын, серуендеймін, сүйікті ісіммен айналысамын. Бала тәрбиесінде әжелер мен әпкелердің көмегі де маңызды. Олар да өз үлесін қосып, ананың күш жинауына мүмкіндік беруі керек.
Тәрбиедегі дәстүрлі тәсілдер
Гүлжамила Сүндетбаева қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне қашан да ерекше мән бергенін айтады. Өйткені қыз – болашақ ана, отбасының ұйытқысы.
— «Қыз өссе – елдің көркі, шөп өссе – жердің көркі» деген дана сөз бар. Қыз бала ақылды, сыпайы, көркем ойлы болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Қазақ дәстүрінде «ұят болады», «обал болады» деген ұғымдар маңызды рөл атқарған. Өкінішке қарай, қазір бұл түсініктер көмескіленіп барады, — дейді ол.
Сондай-ақ, Гүлжамила ханым қазіргі қоғамда гендерлік шекараның бұзылуы үлкен мәселе екенін атап өтті.
— Бұрын қыздарды – отбасының ұйытқысы, ал ұлдарды – ел қорғаны ретінде тәрбиелеген. Ал қазір ұлдардың қызға, қыздардың ұлға еліктеуі көбейіп барады. Бұл – ұлттық тәрбиемізге төнген үлкен қауіп.
Оның айтуынша, қыз баланың тәрбиесі – тек бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер етеді.
— Ата-бабамыз «Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп бекер айтпаған. Егер біз қыздарды дұрыс тәрбиелесек, болашақта саналы, рухани мықты қоғам қалыптасады. «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке – шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастайды.
Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын қатыгездікпен өседі, – дейді Гулжамила ханым.
«Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана уақыт өте келе дәрежесі зор «әжеге »айналады. Осы үшеуінен сатылай келе ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді.
Салт-дәстүрлер
Қазақ халқының мәдениеті адам өмірінің әр кезеңімен байланысты салт-дәстүрлерге өте бай. Әсіресе, қыз балаға қатысты жоралғылар ерекше мәнге ие. Олар отбасыға деген құрметті, ұрпақ сабақтастығын және ұлттық құндылықтарды дәріптейді.
Сырға салу – қазақ халқының ең маңызды ғұрыптарының бірі. Ол қыздың құда түсіп, атастырылғанын білдіреді. Бұл жоралғыда күйеу жігіттің жақындары (құдалар) қыздың үйіне барып, екі отбасының келісімі бойынша сырға тағу рәсімін өткізеді.
Сырға тағылған соң, қыз «сырға салынған» деп есептеледі, яғни ол енді басқа әулеттің келіні атануға дайын. Бұл рәсім қазақ қыздарының болашақ жарын таңдауына құрметпен қарағанын және екі отбасының өзара келісімге келуін білдіреді.
Қыз ұзату – қыз баланың ата-ана шаңырағынан ұзатылып, ақ босаға аттайтын ең маңызды сәттердің бірі. Бұл той қыздың өз үйіндегі соңғы кеші болғандықтан, ата-анасы оған ақ жол тілеп, қоштасу рәсімдерін жасайды.
Қыз ұзату тойында ата-анасы, туған-туыстары, жақындары бас қосып, баталарын береді. Бұл күні ананың жүрегінде қимастық, ал қыздың жүзінде толқу байқалады. Көп жағдайда «Қыз ұзату» әні шырқалып, қыздың туған үйіне деген сағынышы мен ата-анасына алғысы ән арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, қыз ұзату тойында беташар рәсімі де орындалады. Бұл салтта арнайы жыршы немесе ақын келінді жаңа әулет мүшелерімен таныстырып, оларға ізет көрсетудің маңызын айтады.
Келін болып түскеннен кейін жас жұбайды жаңа шаңырақта тағы бірнеше дәстүр күтіп тұрады. Беташар – келіннің бетін жауып тұрған ақ орамал немесе фата арнайы өлең-жыр арқылы ашылады. Бұл рәсімде келін жаңа әулетінің әрбір мүшесімен танысып, үлкендеріне иіліп сәлем береді. Отбасыға сіңісу – жаңа түскен келін отбасының тіршілігіне араласып, ене мен абысындарынан жаңа үйдің тәртібін үйренеді Шай құю – келіннің жаңа үйдегі алғашқы міндеттерінің бірі – үлкендерге шай ұсыну. Бұл – қазақ халқының үлкендерге құрмет көрсету дәстүрінің бір көрінісі.
Қазақ халқының қыз балаға қатысты дәстүрлері отбасы құндылықтарын ұлықтап, ата-ана мен келін арасындағы сыйластықты арттыруға бағытталған. Сырға салу, қыз ұзату, беташар сияқты жоралғылар бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Ұлттық құндылық
Қазіргі таңда көптеген қоғамдық ұйымдар ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, оларды жас ұрпаққа насихаттауға атсалысуда. Солардың бірі – «Аналар кеңесі». Бұл ұйым жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіп, қазақ халқының бай мәдениеті мен отбасылық құндылықтарын дәріптейді.
— Біз ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында қыздар мен аналарға арналған кездесулер, тренингтер, шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Қыздарды ұлттық қолөнерге баулимыз, үй шаруашылығын жүргізудің қыр-сырын үйретеміз, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлерін түсіндіреміз, — дейді кеңес мүшелері.
Кеңестің ең танымал іс-шараларының бірі – «Сыңсу» дәстүрін жаңғырту. Бұл – қыз баланың ұзатылу алдында айтатын қоштасу әні. Мұндай шаралар жастарға отбасы мен дәстүрдің маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, кеңес аясында психологтар мен ақ жаулықты аналар қыз балаларға өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.
«Аналар кеңесі» ұйымдастырған «Сырғалым» оқыту жобасы үш станцияны қамтыды.
«Дастархан тәтті – дәмі ортақ» бөлімінде қыздар шай құю өнері бойынша шеберлік сабағына қатысты. Кеңес төрағасының орынбасары Айтжан Кішкентаева оқушы қыздарға шайды қалай дұрыс құю керектігін, оны қонаққа қалай ұсыну қажеттігін және бұл рәсім барысында өзін қалай ұстау керектігін үйретті. «Қыздың көркі – шаш, шаштың көркі – шашбау» станциясында қыздарға ұлттық әшекейлер таныстырылып, олардың тарихы мен қолданылу ерекшеліктері туралы айтылды. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» атты бөлімде «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ төрағасының орынбасары Гүлжамила Сүндетбаева бесікке салу дәстүрінің мән-мағынасын түсіндірді. Жоба «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты дәріспен аяқталды. Бұл дәрісте келешек ұрпақтың адамгершілік тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың маңызы кеңінен талқыланды. Қаламызда осындай түрлі іс-шаралар “Аналар кеңесі” ұйымдастыруымен өтіп тұрады.
Қазіргі қыз тәрбиесі дәстүр мен жаңа тәсілдердің үйлесімін қажет етеді. Бұрынғыдай, ата-аналар қыздарын мейірімді, еңбексүйгіш, ізетті етіп тәрбиелеуге тырысады. Бірақ қазіргі заман бұл құндылықтарға қоса, қыздарға өз құндылығын сезіну, өзін қорғау, жеке шекараларын белгілеу секілді маңызды дағдыларды үйретуді талап етеді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді кейіпкерлер ұсынды