Тіршілікте артында өшпес із қалдырған асыл азаматтар аз емес. Бүгін солардың бірі, кезінде талай лауазымды қызметтер атқарған, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген Жәлел Сұлтанғазин жайлы сыр шертпекпін. Онымен талай жүздесіп, сырластым. Сол шуақты күндер мен жылдар менің жадымда мәңгілік сақталып қалды.
Ата-ана тағылымы
Өзім Жәкеңді 1984 жылдан бері білдім. Арамызда ағалы-інідей жақсы қарым-қатынас орнады. Оны әрқашан да облыс орталығындағы маңызды мәселелер қаралған жиындарда кездестіріп, өткен-кеткенді еске алатынбыз.
Шынында да өмір бір орында тұрмайды. Осынау асқар таудай көрнекті тұлға қазір бақилық болып кетті. Бірақ оның ұлағатты сөздері көкірегімізде сайрап жатыр. Оның ұрпағы бұл күндері әке атына кір келтірмейтіндей қызмет атқарып, елі мен халқының сый-құрметіне бөленіп жатқаны көпке белгілі.
Бір әулеттің бәйтерегіне айналған абыз аға ғұмырының соңғы жылдары Қостанай ауданына қарасты Мичурин елді-мекенінде өтті. Өзі табиғатқа шексіз құштар еді. Көктем шығып, күн жылысымен аулада көкөніс өсіріп, таза ауада тыныстағанды жаны сүйетін.
Оның ерекше бір қасиеті адам баласын алаламайтын. Сондықтан да кісілер оған өте жақын болды. Бәріне де туған бауырларындай жүрегі ашық-ты. Ақ жарқын мінезімен кез-келген кісіні баяғыдан бері білетіндей бірден баурап алатын.
Ол негізінде өмірде байлық емес, дос жинаған адам. Сол себептен аралас-құралас кісілері де жететін. Бірақ негізінен көзі ашық, көкірегі ояу, руханиятты жоғары қоятын, ұлтын шексіз сүйетін парасатты жандармен сыйласқандығын талай рет көзіміз көрді.
Енді оқырманға түсінікті болу үшін оның сонау сағымдай бұлдырап артта қалған кезеңдеріне бір сәт назар аударалық. Жәкең 1937 жылы шілде айында қазіргі Ұзынкөл ауданына қарасты Есмырза деп аталатын ауылда дүниеге келді.
Сондықтан да шығар, өзі кіндік қаны тамған өңірді әрдайым жер жәннатына балап, ондағы туған-туыс, ағайын-бауырларын қадірледі. Олардың барлық қуаныштары мен өзге де бақытты да елеулі сәттеріне ортақтасып отыруды азаматтық парызым деп есептеді.
Бәрі де әу баста ата-ананың берген тәрбиесіне тікелей байланысты емес пе. Сол себептен әке-шешесінен алған тәлімін үнемі ұрпақтарының санасына сіңіріп, ісімен де, сөзімен де кейінгілерге үлгі көрсетті.
Бойындағы қарапайымдылық, адамгершілік секілді ұғымдар өзіне ес білгеннен ізгілікке баулыған кісілерден жұққанын айтудан ешбір жалықпайтын.
Ол күндер ұмытылмайды
Ол әлгі аталған Есмырза елді-мекенінде дүниеге келгенімен, олардың отбасы сонау 1959 жылға дейін көрші мемлекет Ресейде тұрды. Сондықтан да балалық шағы орыс ағайындардың арасында өтті.
Қазақтың намысты ұлы сол өзге ұлттардың балаларынан қалмай білімге ұмтылды. Орта мектепті тәмәмдаған соң жұрт қатарлы еңбекке араласты. Қатардағы малшы, шопан да болды. Оны айтасыз, техника тілін меңгеріп, механизаторлық жұмысты да бір кісідей атқарды.
Алайда жастайынан алдына қойған мақсатына жету үшін өзге құрдастары секілді тиянақты білім алу керектігін түсінді. Сол себептен де атамекені болып табылатын қазақ еліне ат басын бұрып, осында оқуға біржола бел буды.
«Талапты жетер мұратқа» деген бар емес пе. Сол себептен де білім негізі қаланатын орта арнаулы білім ордасын таңдап, Қостанай ауылшаруашылық техникумына түсті. Осындағы алғыр да беделді студенттердің бірі болды.
Мұның өзге замандастарынан тағы бір ерекше атап өтер қыры — қос тілге өте жүйрік-ті. Ол уақытта орыс тілін жетік білмеген адам көздеген биігіне көтеріле де алмайтын.
Әлгі оқу орнын аяқтаған соң бұрынғы Целиноград ауылшаруашылығы институтына құжатын тапсырды. Осы жоғары оқу орнынан агроном мамандығын алып шықты.
Ағаның мінезі көпшіл болғандықтан сыйласатын кісілері де барынша арта түсті. Жоғары білімді жігіт егер өзі іскер, жауапкершілікті жоғары сезінетін болса, қайда да абырой мен мәртебеге ие болатындығы белгілі.
Тұла бойы жасқа тән қайрат пен жігерге толы азамат 21 жасында өзі туып өскен Ұзынкөл ауданындағы Калинин кеңшарында комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды.
Міне, сол кездері-ақ оның көшбасшылық қабілеттері жарқырап көрінді. Шаруашылықтағы бозбалалар мен бойжеткендерді ұжым алдында тұрған келелі міндеттерге жұдырықтай жұмылдырды. Басшылардың назарын олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін жастарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту қажеттігіне аударды.
Мұның тағы бір кейінгілер айтып жүретін ерекшелігі орынсыз уәде бермейтін. Айтса мүлтіксіз жүзеге асыратын. Сондықтан комсомол комитетінің хатшысына бәрі де риясыз сенді.
Жылдар жылжып өте берді. Кешегі жас жігіт өмірде әбден шыңдалып, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде көріп, оларға жанашыр әрі қамқор бола білді. Мұны жоғарыдағылар да көрді әрі сенім артты.
Өмірі жастарға ғибрат
Мұны ауылда өскен азаматтар жақсы біледі. Өйткені, жергілікті мамандар күнделікті таңмен таласа тұрып, үйлеріне түннің бір уағында оралады. Жыл он екі ай қайталанып келіп отыратын науқандық жұмыс мойын бұрғызбайды.
Оны ол бөлімше басқарушысы болған кезінде айқын сезінді. Сондағы мекендейтін халықтың тұрмыс жағдайы, көңіл-күйлері тікелей өзіне байланысты еді. Мұның тағы бір өнеге болар қасиеті бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын.
Өңірдегі бір кеңшарда бас агрономдық қызметте жүргенде уақытпен санасу дегенді білмеді. Себебі, бұған осындағы егістік алқаптарында өсірілетін бидай мен басқа да дақылдардың түпкі нәтижесі тікелей байланысты-тын.
Білікті агрономның білгірлігі және қарамағындағы барша мамандарды қарбалас шақтарға тиісті деңгейде ұйымдастыруының арқасында жылда егін де бітік шықты.
Алыстан көздің жауын алатын әрі масақтары бірден назарыңды аударатын бидайды дер кезінде шашпай, төкпей жинап алу үшін талай ұйқысыз түндерді де бастан өткерді.
Мұндай жауапкершілікті жоғары сезінетін азаматтар ертеңді-кеш биліктегілердің назарына ілікпей қоймайтындығы бесенеден белгілі. Кейіпкеріміздің Чапаев кеңшарына басшы болып тағайындалғанын да көпшілік ұмытқан жоқ.
Міне, осы кезде журналист ретінде аталған шаруашылықта іс-сапарда болған едім. Жергілікті халық оны ерекше құрметтеп, жас пен кәрі де әрдайым директордың ақыл-парасатына, білім-білігіне, көрегендігіне сүйсінетіндігіне көзім әбден жетті.
Қарапайым еңбек адамына дер кезінде жалақысын төлеп, жағдай туғызса, көңіл-күйі де жоғары, тұрмысы да жақсы болады емес пе. Осы шаруашылықтағылар өздерінің кешегі басшысы Жәлел ағаны әлі күнге дейін айрықша ардақ тұтып, оның бойындағы асыл қасиеттерін кейінгілерге үлгі етіп отырады.
Бір кеңшарды өрге сүйреп, жергілікті ағайындардың ақ батасын алған азамат одан кейін де талай асуларды бағындырып, қызмет бабымен ізін басқан жігіттерге өнеге бола білді.
Уақыт өте Ұзынкөл ауданы әкімінің қоршаған орта қорғау жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған жылдар да жерлестерінің есінде. Талай жас мамандарға шарапатын тигізді.
Осы өңір әрқашан да жасыл желекті тал-терегімен, өлең жолдарында жиі айтылатын мың бұралған биші ақ қайындарымен дараланады.
Руханиятты жоғары қойды
Сонымен Жәлел Сұлтанғазин бір кісідей талай лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Еңбек жолын енді бастаған інілеріне нағыз тәлімгер болды. Жиын-тойда үнемі абыз ақсақал ретінде төрде отырды.
Мұның бәрі де оның ел арасында қандай сыйлы, қадірлі, нағыз ақылшы болғандығын дәлелдей түспей ме. Ағаның азаматтық қырлары қазіргі аудан орталығындағы «Құрман баба» мешітінің ірге тасы қаланған кезде де айқын көрінді.
Жергілікті көнекөз қарттармен бірге осынау имандылық ордасының салынып, халық игілігіне берілуіне де тікелей атсалысты. Жергілікті мешіттің Бас имамы Есенкелді қажы Әжімахантегі Жәкеңді әрқашан да туған ағасындай ардақ тұтты.
Жәлел ағаның өмірінің мәнді де мағыналы болуына өзі жастай сүйіп қосылған қазақтың аяулы қызы Бағытай апаның қосқан үлесі ерекше. Екеуі әрдайым жарасымды жұп болып, мағыналы ғұмыр кешті. Жүрген жерлері қашан да той-думанға айналды.
Алайда мәңгілік кім бар дейсіз? Берекелі шаңырақтың абыройын асырып, сәнін келтірген ардақты жан яғни Бағытай апамыздың дүниеден өткеніне де он жыл болып қалыпты.
Сол кезде аса қымбатты зайыбының кенеттен қайтыс болуы отағасына да оңай соққан жоқ. Өзін сыңарынан айрылған аққудай сезінді. Бірақ оны ешкімге аса сездіре қоймады.
Қаншама жылдар бойы бірге бақытты ғұмыр кешкен адал жарына арнап жыр шумақтарын да жазды. Оны тыңдаған адам ерекше тебіреніске түсетін. Бәйбішесінің ағаның өмірінде қандай ерекше орын алғандығын бірден түсінетін.
Шын мәнінде Бағытай апа осындай құрметке әбден лайықты-тын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін есепшілік қызмет атқарған ол отағасының да бабын тапты. Үйіне толассыз келіп жататын сыйлы қонақтарының да қас қабағына қарады.
Ерлі-зайыптылар күнделікті қызметтерін атқарып, халық арасында айрықша құрметке бөленіп ғана қойған жоқ. Бес балаларына да жастайынан ұлағатты тәлім-тәрбие берді. Олар танымал кісінің перзентіміз деп артық қылық көрсеткен жоқ. Әке-шешесінің үлгісімен жастайынан еңбекқор болып өсті.
Тұңғыштары Әнуарбек ел аузына ерте ілікті. Өсе келе ғылымға ден қойды. Экономика ғылымдарының докторы атанып, лауазымды қызметтер атқарды. Бұл күндері елордамыз Астанада тұрады. Сүйікті жары Ағниямен бірге Әлібек және Әлімжан есімді ұлдарын уақыт талабына сай білім берді. Олар да ата-анасының мақтанышына айналды.
Одан кейінгі Манарбек болса саналы да парасатты қазақ жігіттерінің бірегейі. Кешегі ауған соғысына қатысқан қаһарман. Халық қалаулысы болды. Қазір «Гольф» клубының басшысы. Зайыбы Жанар екеуі ұрпақтарының ақылшысы.
Ал, сүйікті қыздары Гүлнәр және Гүлбану өз саласының білікті мамандары ретінде көпшілікке танымал. Киелі шаңырақтың кенжесі Зәмзәгүл қаржыгер. Әріптестерінің арасында өте сыйлы.
Жәлел аға өз ортасының көркі болды. Қолына ұлтымыздың домбырасын алып, әуелетіп шырқай жөнелгенде талғампаз қауым еріксіз ұйып тыңдап қалатын. Оның ақындық қабілеті де өз замандастарына белгілі. Кітаптары мазмұнды әрі ойлы.
Бүгін сөз етіп отырған Жәлел және Бағытай Сұлтанғазиндердің әулетін білмейтіндер кемде-кем. Олардың ұл-қыздарынан тараған бес немересі мен үш шөбересі де ата-әжесінің ғұмырын жалғастырып жатыр.
– Кімнің болсын өмірінде әке-шешенің алар орны бөлек. Олар бізді жастайымыздан үлкен мен кішіні сыйлауға, қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлеп, қастерлеуге баулыды. Егер біздің бойымызда жақсы қасиеттер болса, ата-анамыздың берген тәрбиесі, отбасында көрсеткен өнегеміз.
Шаңырақтың тірегі болған әкеміз темірдей тәртіпті жақсы көретін. Екі жүзділікті, орынсыз сөйлеуді, сертте тұрмайтындарды ұнатпайтын. Ал, анамыз болса үш қызына жастайынан үй тірлігіне, кіршіксіз тазалыққа, ас дайындауға, сыпайылыққа, биязылық пен инабаттылыққа, ең бастысы имандылыққа тәрбиеледі. Қазір сол күндердің бәрі де біз үшін сағынышқа айналды, – деді Гүлбану Жәлелқызы өз сөзінде.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
суретті ұсынған кейіпкер