15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні. Бұл күнді елімізде ғашықтар күні ретінде атап өту дәстүрге айналып келеді.
Бүгін Қостанай қаласында 11 жұп некесін қиды. Бұл туралы қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Жаухар Атамбозова-Исабекова хабарлады.
– Жас жұбайлар көбіне айрықша күндерді, яғни 24.04.2024 секілді ерекше даталарды таңдайды. Сол күндері тіркеу саны көп болады. Ал бүгін – әдеттегі жұмыс күні, дегенмен Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінің символикалық мәні бар. Осы күнді таңдаған 11 жұп өздерінің махаббатын дәл бүгін заңдастырды, – дейді маман.
Айтуынша, дәл осы күнде некеге тұруды таңдаушылардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 15 сәуірде 9 жұп, ал биыл 11 жұп некеге тұрған.
– Біздің бөлім тек мемлекеттік қызметтерді көрсетеді: туу, некеге тұру, некені бұзу, бала асырап алу, әке болуды анықтау және тағы басқа рәсімдерді тіркейміз. Ал салтанатты тіркеу немесе үйден тыс рәсімдерді тек жекеменшік ұйымдар ғана ұйымдастыра алады, – дейді Жаухар Атамбозова-Исабекова.
Сондай-ақ, Қостанайдағы неке мен ажырасу көрсеткіштеріне де тоқталды. 2023 жылы қалада 1234 жұп неке қиып, 193 отбасы ажырасса, 2024 жылы 2350 жұп отбасын құрып, 412 отбасы ажырасқан. Яғни, былтырмен салыстырғанда тіркелген некелер саны – 1116-ға, ал ажырасқандар – 219-ға артқан.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор