Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларымен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырады. Осындай кезекті шаралардың бірі Қостанайдағы Челябі мемлекеттік университеті филиалының студенттерімен өтті.
Кездесуге басқарма қызметкерлері Әлия Дощанова, Дина Амарова және Жанна Турганова қатысып, студенттермен викторина форматында ашық әрі мазмұнды диалог өткізді. Шара барысында студенттерге салық қызметі дегеніміз не, оның негізгі қызметтері мен мақсаттары, салық органдарының қоғамдағы рөлі туралы жан-жақты ақпарат берілді
– Кездесуде салық саласының негізгі қағидаттары мен функциялары жайлы кеңінен түсіндіріп өттік. Сонымен қатар, студенттерге мемлекеттік қызмет көрсету орталығы көрсетілді. Оларға жеке тұлға ретінде қандай қызметтер қолжетімді екені, мысалы, мүлікке, жерге, көлікке салынатын салық мөлшерін қалай білуге болатыны, сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттығы мен жалпыға бірдей декларациялау туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді, – деп толықтырды Жанна Турганова.
Айта кету керек, студенттер бұл кездесуге белсенді қатысып, көптеген сұрақтар қойды. Арасында жеке кәсіппен айналысатындар да бар болып, олар салық төлеу, медициналық сақтандыру жарналары туралы нақты сұрақтар қойып, тиісті жауап алды. Қазіргі таңда жастардың арасында тырнақ жасау, қас әрлеу сынды қызмет түрлерімен айналысатындар көп. Осыған байланысты, студенттер тіркелу, салық режимін таңдау, БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеу туралы да кеңес алды.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі — «Сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік» тақырыбындағы викторина болды. Дощанова Әлия мен Амарова Дина ұйымдастырған бұл бөлімде студенттерге сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, ол неге туындайды, оны болдырмау жолдары қандай деген сұрақтар қойылды. Алдымен теориялық ақпарат беріліп, кейін ойын түрінде сұрақ-жауап ұйымдастырылды.
Аяжан Серик,
суретті ұсынған кейіпкер