Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік грантының қолдауымен «Бірге өсеміз» атты бірегей білім беру жобасы басталды. Жобаның мақсаты – балаларды бау-бақша ісіне үйретіп қана қоймай, экологиялық саналы жаңа буын тәрбиелеу.
Жобаның басты ерекшелігі – елімізде алғаш рет мектепке дейінгі балаларға арналған стационарлық инклюзивті эко-жылыжайдың құрылуы. Мұнда әртүрлі мүмкіндігі бар балалар бірге өсімдіктер отырғызып, табиғи үдерістерді бақылап, табиғатқа қамқор болуға және бір-біріне көмектесуге үйренеді.
– Эко-жылыжай инклюзивті білім беру бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Біз балалар тек экологиялық ойлауды дамытып қана қоймай, достасуға, көмектесуге, ұжыммен жұмыс істеуге үйренетін орта құруды көздедік, — дейді жоба жетекшісі, «Baby» балаларды дамыту орталығының директоры Ольга Соловьёва.
Жылыжай жылыту жүйесімен жабдықталған, сондықтан жыл бойы жұмыс істейді. Ішінде төрт қабатты топырақ бар: дренаж, қиыршық тас, қарашірік және қара топырақ. Балалар қияр, қызанақ, баклажан, шпинат, редис, жалбыз пен жүгері өсіреді. Жиналған жалбыздан шай мен пайдалы коктейльдер жасалады.
– Қазір дүкендерде бір келі қияр 2500 теңге тұрады. Біз тек үнемдеп қоймай, балаларға азық-түліктің қайдан шығатынын өз көзімен көруге мүмкіндік береміз, — дейді Ольга. — Бұл – өмірлік маңызды дағды, табиғатты түсінудің жолы.
Жоба аясында аптасына бір рет арнайы сабақтар өтеді. Балалар өсімдіктерге күтім жасауды үйренеді. Сонымен қатар бұл балалар дамыту орталығында тірі бұрыш жұмыс істейді — онда балалар қояндармен, тышқандармен және атжалманмен ойнап, жануарларға қамқор болуды меңгереді. Қосымша сабақ ретінде виртуалды көзілдіріктер қолданылады — олардың көмегімен балалар табиғатты, экожүйелерді қызықты әрі танымдық форматта зерттейді.
– Біз қияр мен қызанақ отырғыздық. Оларды суарамыз. Маған бұл өте ұнайды! Біздің өсімдіктер қалай өсіп жатқанын қараған қызық. Бізде қоян да бар – ол үлпілдек әрі мейірімді, – деп өз әсерімен кішкентай Оливия бөлісті.
Жобаның жалпы бюджеті — 3 миллион теңге. Жобалық жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Бастапқыда жоба зоотерапия ретінде жоспарланған болатын. Бұл идея Ольга Соловьёва қызының жануарларға деген сүйіспеншілігін бақылауынан туындаған.
Алайда кейін жоба қайта қаралып, экологиялық жылыжайға айналып, «Бірге өсеміз» жобасы дүниеге келді.
– Бұл жай ғана бау-бақша емес. Бұл – мейірімді, саналы және тұрақты болашаққа бастар жол, – дейді жоба жетекшісі.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген автор