Бүгінде жұмыс іздеген азаматтар үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Бұл ретте жұмыссыздықтың алдын алу, азаматтарды кәсіби бағытта дамыту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту басты басымдықтардың бірі болып отыр.
Қостанай қаласындағы мансап орталықтарының мамандары осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндап берді.
Жұмыссыз азаматтарды тіркеу мен оларға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар негізінен еңбек республикалық деректер базасы арқылы жүзеге асады. Бұл база арқылы азаматтар «жұмыссыз» мәртебесін алып, кейін түрлі бағдарламаларға қатысу арқылы еңбекке араласуға мүмкіндік алады.
Жоба аясында
Қостанай қаласындағы мансап орталығының жұмыс берушілермен жұмыс секторының жетекшісі Айдана Әуезханованың айтуынша, дәл осы жүйе арқылы жыл сайын мыңдаған азамат өз жолын тауып, тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. Айдана Жұмағалиевна тізіп өткен бірнеше негізгі бағдарлама бар. «Жастар практикасы» аясында ЖОО түлектеріне арналған бұл бағдарламаға дипломын соңғы үш жылда алған азаматтар қатыса алады. Бағдарлама ұзақтығы – 12 ай. Қатысушыларға ай сайын 117 960 теңге (30 АЕК) көлемінде еңбекақы төленеді. Бұл жұмыс тәжірибесін арттырып, кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасында жаңа түлектерге бағытталған. Мұнда қатысу мерзімі – 1,5 жыл, жалақы – 117 960 теңге. Жоба аясында азаматтар біліктілік алып, кейін тұрақты жұмыспен қамтылады. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасында зейнет жасына таяған маман 6 ай бойы өз орнына жас маманды дайындайды. Оған тәлімгер болады. Тәжірибе барысында зейнеткер кетіп, оның орнын жаңа маман басады. Бұл бағдарламаның да жалақысы – 117 960 теңге. «Әлеуметтік жұмыс орны» бұл бағдарлама 16 жастан бастап зейнет жасына дейінгі азаматтарға арналған. Қатысушылар міндетті түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі керек және қалада тіркеуде болуы қажет. Жұмыс беруші жалақыны өзі белгілейді, бірақ мемлекет тарапынан 24 АЕК-тен артық субсидия төленбейді. Қоғамдық жұмыс орындары бойынша қатысу мерзімі – 12 ай. Жалақы – 31 АЕК-тен аспайды, яғни 121 892 теңге шамасында. Бұл жұмыс түрі де тәжірибе жинауға және әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасайды. «Күміс жас» бағдарламасы. Бұл бағдарлама 50 жастан асқан, бірақ зейнетке шықпаған азаматтарға арналған. Мұнда да мемлекет тарапынан ай сайын 30 АЕК көлемінде (117 960 теңге) субсидия төленеді. Бағдарлама мерзімі – 36 ай, бірақ жыл сайынғы субсидия көлемі азаяды.
2024 жылы Қостанайда бұл бағдарламалар аясында 13 345 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орны арқылы – 69 адам, жастар практикасы – 106 адам, қоғамдық жұмыс – 199 адам, алғашқы жұмыс орны – 70 адам, ұрпақтар келісімшарты – 3 адам, «Күміс жас» бағдарламасы – 154 адам.
Ал 2025 жылдың басынан бері 1 892 адам жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша – 75, жастар практикасы – 32, қоғамдық жұмыстар – 212 адам.
Кәсіпкер мен жұмысшы
Диана Алиева — әлеуметтік кәсіпкер, балалар бақшалары мен жеке студиялардың негізін қалаушы. Ол шағын бизнесті дамытуға белсене атсалысып, оның өсуі мен кеңеюі үшін жаңа мүмкіндіктер іздейді. Диана мансап орталығымен бір жылдан астам уақыттан бері ынтымақтастық жасап келеді және осы кезеңде бес қызметкерді сәтті жұмысқа орналастырды, бұл оның бизнесінің тұрақтануына және өсуіне маңызды рөл атқарды. Диана мансап орталығымен ынтымақтастығы туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, осы қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Бір жыл ішінде бізде бес қызметкер жұмысқа орналасты. Мұндай ынтымақтастыққа өте қуаныштымыз, өйткені бұл шағын және орта бизнестің маңызды қолдау шарасы. Мансап орталығы бізге кадрлар мәселесін тиімді шешуге көмектеседі, сондай-ақ білікті команда құруға ықпал етеді. Мансап орталығымен ынтымақтастық бізге ең жақсы мамандарды таңдау мүмкіндігін береді, әрі әрбір қызметкердің біздің талаптарымызға және корпоративтік құндылықтарымызға сәйкес келетініне кепілдік береді. Орталықтың көмегімен біз кадрлар іздеуге және бейімдеуге кететін уақытты үнемдей аламыз, бұл бізге бизнесімізді дамытуға және жақсартуға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді, – деп айтып берді Диана Алиева.
Сонымен қатар, мансап орталығы қызметкерлерді таңдау бойынша кешенді қолдау көрсетеді, соның ішінде кәсіби бағалау мен қызметкерлердің жұмыс орнында бейімделуіне көмек көрсетеді. Ол осындай ынтымақтастықтың арқасында өсуімен, дамуын жалғастырып, тұрақтылығын қамтамасыз ете алатынына сенімді.
Диана Алиева шағын және орта бизнестің сенімді серіктестерінің болуы, мысалы, мансап орталығының рөлі компанияның табысы мен гүлденуінде шешуші фактор болатынын атап өтті. Жұмысқа орналасқан адамдардың бірі Медина, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған. Университетті 2024 жылдың шілде айында тәмамдаған.
– Мен «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастым. 2025 жылдың қаңтар айында жұмысымды бастадым. Қазір тіл студиясында ағылшын тілінен сабақ беремін. Топтық және жеке сабақтар өткіземін, әдістемелік материалдар әзірлеймін, оқушыларға арналған интерактивті тапсырмалар жасаймын. Маған жұмысым өте ұнайды — оқушыларымның жетістігін көріп, өз орнымды тапқанымды сезінемін. Бағдарлама туралы мен жұмысқа орналасу кезінде білдім. Тілдер студиясының директоры айтып, осы мүмкіндікті пайдалануға шешім қабылдадым, – дейді Медина.
Оқыту – тұрақты жұмысқа бастар жол
Қостанай қаласы мансап орталығының оқыту секторының жетекшісі Динара Әлмұхамбетованың айтуынша, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар түрлі қысқа мерзімді курстарға тегін қатысып, стипендия алады.
– Курстар ұзақтығы 1 айдан 6 айға дейін. Қатысушылар ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Курстан кейін олар сертификат алып, кемі 6 ай тұрақты жұмыс істеуге міндеттеледі, – деп толықтырды Динара Асылханқызы.
2024 жылы 130 адам тегін курстардан өткен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 138 адамға жетеді деп жоспарланған. Курстар жыл сайын жұмыс берушілердің сұранысына сай ұйымдастырылады. Мысалы, былтыр наубайшы, тігінші, кондитер, шаштараз, әкімші, автоэлектрик, кірпік жабыстыру шебері, маникюр маманы бойынша оқыту жүргізілген. Жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандықтарға тапсырыс береді, сол бойынша топ құрылып, оқуға жіберіледі. Жұмыс беруші сол оқудан өткен адамдарды кейін өзіне жұмысқа алады. Бұл – екі тарапқа да тиімді, жұмыс беруші өзіне қажет маманды өзі дайындайды, ал мемлекет оның еңбекақысын 20 АЕК көлемінде төлеп береді. Егер жалақы жоғары болса, қалғанын жұмыс беруші өзі төлейді.
– Мәселен, маникюр курсын оқыған топты сұлулық салонының иесі өзі оқытып, кейін жұмысқа алған. Автослесарь, электрик мамандықтарына да осындай жүйе жұмыс істейді, – дейді Динара Асылханқызы.
Кімдер қатыса алады?
Қатысу шарттары қарапайым, міндетті түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет, Қостанай қаласында тіркеуде болуы керек, зейнетке шықпаған кез келген азамат қатыса алады.
Жастар да, орта жастағы азаматтар да, тіпті 55 жасқа дейінгі адамдар да оқуға ниет білдіре алады. Негізінен әйел адамдар көптеп қатысады, себебі мамандықтардың басым бөлігі әйелдерге арналған. Дегенмен, ер азаматтар арасында техникалық мамандықтарға сұраныс бар.
Жұмыссыз азаматтар мансап орталығына келіп, тіркелуі тиіс. Кейін ұсынылып отырған курстардың тізімімен танысып, өз таңдауы бойынша қатыса алады. Егер бір мамандыққа адам жетіспей жатса, орталық жарнама беріп, топты толықтырады.
Қазіргі таңда Қостанай қаласында мемлекет пен жұмыс берушілер бірлесе жұмыс істеп, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіруге күш салып келеді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін азайтып, халықты кәсіпке баулуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ