Қостанай облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы – өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірліктің сенімді тірегі. Бұл – түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, мәдениеті мен тілін сақтап, бір-бірінің дәстүріне құрметпен қарайтын ортақ кеңістігі.
Облыстық Ассамблея – жай ғана құрылым емес, бұл – қоғамдық сананы жаңғыртып, ел ішіндегі бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын маңызды алаң. Мұнда этномәдени бірлестіктер белсенді жұмыс істейді: ұлттық мерекелер тойланады, ана тілді оқыту курстары ұйымдастырылады, жастарға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асады. ҚХА жанынан құрылған Аналар кеңесі, этномедиация орталығы мен Журналистер клубы – барлығы да қоғамның рухани дамуына, ұрпақтар сабақтастығына, өзара түсіністік пен сыйластыққа дәнекер болуда
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Сол айда елдің өңірлерінде өңірлік ассамблеялар құрыла бастады. Біздің облыстық ассамблея 1995 жылдың 21 наурызында құрылды, оны растайтын құжаттар бүгінге дейін сақталған. Барлығы ресми түрде тіркелген болатын. Ол кезде жұмысты бірнеше этномәдени бірлестік бастады, олардың қатарында неміс және украин бірлестіктері, татар-башқұрт бірлестігі болды. Бұл этностар облыстық ассамблеяның құрылуына үлкен үлес қосты.
Әсіресе ұйымдасқан әрі саны көп украин қауымдастығына ерекше назар аудару керек. Ассамблея халықтың бастамасымен «төменнен» құрылған ұйым болды, яғни адамдар этникалық және мәдени белгілері бойынша біріге бастады. Мысалы, тың көтеру кезінде көшіп келген украиндар бірігіп, өз әндерін шырқап, мәдениеттерін сақтап отырды.
2005 жылы Ассамблея жаңа ғимаратқа көшті, ол — Достық үйі. Бұрын бұл ғимарат Шығармашылық үйі мен мұражай болған еді, енді Ассамблеяның қажеттіліктеріне қызмет етеді. Достық үйінің ресми ашылуы 2006 жылдың қыркүйегінде өтті, оған сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Содан бастап бұл ғимарат көптеген этномәдени бірлестіктердің үйіне айналды. 2006 жылы ол «Қоғамдық келісім» мекемесі деп атала бастады, бірақ көпшілік әлі күнге дейін оны Достық үйі деп атайды.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында 18 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олардың қатарында Белорус және Өзбек этномәдени орталықтары бар, соңғысының ресми ашылуы әлі алда. Барлық бірлестіктер мәдени іс-шараларға — фестивальдер мен мерекелерге белсенді қатысып, өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосуда.
Ассамблея аясында жастармен жұмысқа ерекше мән беріледі. Әрбір этномәдени бірлестікте жастар қанаты бар, олар әртүрлі шараларға белсенді араласады. Мысалы, корей қауымдастығында дәстүрлі барабан өнерін орындайтын «Самульнори» ансамблі, сонымен қатар «Ен-Коди» хор және би ансамблі бар. Олар пандемияға дейін өте белсенді жұмыс істеген.
– Корейлер саны аз болғанымен, өте белсенді. Облыс бойынша белорусьтардың саны 14 мың болса, корейлер 4000 шамасында. Бірақ олардың жастар қанаты бар, Samulnari ансамблі дәстүрлі корей барабан өнерін орындайды. Сонымен қатар «Ен-Коди» атты би және хор ұжымы бар. Пандемияға дейін олар өте белсенді жұмыс істеді. Жалпы, олардың жұмысы өте жақсы, – деп Достық үйінің баспасөз хатшысы Дарья Щербакова толықтырды.
Биыл Әзірбайжан қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толады, ал армян қауымдастығының тарихы 30 жылдан асады. Осыған орай Әзірбайжаннан қонақтар қатысатын фестиваль ұйымдастыру жоспарлануда.
Жастардың орны ерекше
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) «Этноспикер» жобасы асында жастардың жаңа легін жинады. Өткен аптада, жұма күні алғашқы танысу кездесуі өтті. Бұл шарада жастар бір-бірімен танысып, өз үміттері мен жоспарларымен бөлісті. Қазірдің өзінде командада 20-дан астам адам бар, тіпті саны 30-ға жуықтаған болуы мүмкін. Әрине, уақыт өте келе кейбіреулер түрлі себептермен шығып қалуы мүмкін, бірақ ҚХА өкілдері көпшілігі қалып, белсенді қатысушыларға айналатынына сенімді.
Жаңа «Этноспикер» жобасы қатысушылары үшін мазмұнды оқу бағдарламасы дайындалған. Алдағы уақытта олар үшін көшбасшылық қасиеттерді, коммуникативтік дағдыларды және этносаралық қарым-қатынас саласындағы құзыреттілікті дамытуға бағытталған семинарлар, тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Солардың бірі – Астанадан шақырылған белгілі журналист әрі медиа-тренер өткізетін этномәдени коммуникация бойынша тренинг. Оның тәжірибесі мен кәсіби білімі жастарға көпұлтты ортада тиімді қарым-қатынас орнату ерекшеліктерін түсінуге және түрлі этностардың өкілдерімен жұмыс істеуді меңгеруге көмектеседі.
Оқу нәтижесінде жастар ұйымы айтарлықтай жаңарып, бірлік пен өзара құрмет идеяларын алға жылжытуға дайын жаңа көшбасшылар пайда болады.
Бұл бір маусымдық жоба емес – бұл бастамадан үлкен үміт күтіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қоса алатын жаңа буынды тәрбиелеуге кірісті. Сонымен қатар, Ассамблея одан бөлек те жастармен жұмысты белсенді жүргізуде. Жастар — жобаның маңызды бөлігі, сондықтан біз оларды барынша тартуға тыруда. Биыл колледждер мен жоғары оқу орындарының белсенділерімен жаңа жоба іске қосылды.
30 жыл алға ұмтылыс
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мұнда әр этностың мәдениеті мен дәстүрі ерекше құрметтеледі. Елдің бірлігін сақтау мен нығайту жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында түрлі этностық бірлестіктер өз мәдениетін дамытып, қоғамдық өмірге белсене араласуда. Соның жарқын үлгісінің бірі – Қостанай облысындағы «Бирлик» әзірбайжан қоғамдық бірлестігі. Биыл бұл ұйым өз тарихындағы маңызды белес — 30 жылдық мерейтойын атап өтпек.
– Биыл мен Қостанай облысындағы әзірбайжандықтардың «Бирлик» қоғамдық бірлестігін басқарғаныма жеті жыл толып отыр. Біздің ұйым 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезде мемлекеттік саясаттың қолдауымен дүниеге келді. Бұл барша этностарға өз құқықтарын толық іске асыруға, мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтай отырып, қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігі болуға мүмкіндік берді. Басты мақсат – әрбір этнос өкілі еліміздің барлық азаматтарымен тең дәрежеде өмір сүріп, өзін осы мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде сезінуі еді. Мемлекет бізге осындай кең мүмкіндіктер ұсынды. Соның нәтижесінде біздің облыста да түрлі этностардың қоғамдық бірлестіктері құрылып, табысты жұмыс істеп келеді, – дейді Қостанай облысындағы әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Рафаил Гаджибалаев.
Биыл Қостанайдағы әзірбайжан қауымдастығы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтпек. Салтанатты іс-шара 13 мамыр күні ұйымдастырылады. Мерекеге арнайы әзірбайжаннан құрметті қонақтар келеді. Бұл күнде түрлі концерттік бағдарламалар, ұлттық мәдениетті танытатын көрмелер мен кездесулер өтеді. Әдеттегідей, барлық шараларға жастар белсенді түрде қатысады.
– Жастармен жұмыс істеу — біздің қауымдастықтың негізгі басымдықтарының бірі. Себебі ұлттық бірлікті сақтау мен дамыту, дәстүр сабақтастығын жалғастыру солардың қолында. Бізде Әйелдер кеңесі мен Жастар қанаты бар, олар қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласып келеді. Жуырда біз жастармен арнайы кездесу өткіздік. Оған 50-ге жуық жас қатысты. Бұл өте нәтижелі кездесу болды. Жастар мен аға буын арасындағы байланысты нығайтуға, олардың бір-бірінен үйренуіне, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға үлкен серпін берді, – деп Рафаил Гаджибалаев атап өтті.
Алдағы уақытта қауымдастық өкілдері қоғамдық және мәдени іс-шаралардың санын арттырып, жастардың белсенділігін одан әрі ынталандыруды көздеп отыр. 30 жылдық тарих — бұл тек өткен жолға шолу ғана емес, жаңа белестерге ұмтылудың бастауы екенін айтады олар.
Мемлекеттік тіл
Мемлекеттік тілді насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан жұмысты ерекше атап өту керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазір тек этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қана қоймай, мемлекеттік тілді де белсенді насихаттауда.
– Бұл жобамыз бұрыннан жұмыс істейді. Басты мақсаты — мемлекеттік тілді меңгерген балаларды қолдау. Бұл — үйренуге талабы бар өзге ұлт өкілдерінің балалары. Біз бүкіл облысты қамтуға тырысамыз. Осы жобаның арқасында бізде көптеген талантты жастар пайда болды. Біз оларды іс-шараларға белсенді тартамыз, – дейді Дарья.
Осы жобаның аясында Ассамблея қазақ тілін меңгерген өзге ұлт балаларын қолдайды. Мысалы, Денисов ауданынан Кэтрин Майер — отбасында ешкім қазақ тілінде сөйлемесе де, қазақ тілін еркін меңгерген. Сондай-ақ, біз Дмитрий Сергеевич Ромащенко басқаратын «Мәміле» сөйлесу клубын қолдаймыз. Ол барлық ниет білдірушілер үшін аптасына екі рет тегін сабақтар өткізеді.
– Жалпы алғанда, біздің басты мақсатымыз — халықаралық келісімді сақтау. Ассамблея аясында 30 жыл ішінде көп жұмыс атқарылды. Қостанай әрқашан республика деңгейінде жақсы бағаланатын. Біздің спикерлер сессияларда Президент алдында да, елдің жоғарғы басшылығы алдында да сөз сөйлеген, – дейді Дарья.
Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы жастармен белсенді жұмыс істеуімен және мәдени жобалардың көптүрлілігімен ерекшеленеді. Жыл сайын Түркфест, алдағы AsiaFest сияқты түрлі фестивальдер өткізіледі, бұл көрші елдермен байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қиындықтар туралы айтқанда, негізгі мәселелер — жастарды тарту және іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктің тапшылығы. Алайда бұл қиындықтар этномәдени бірлестіктердің белсенділігі мен төрағалардың көмегі арқылы шешіліп келеді. Мысалы, төтенше жағдайлар кезінде — өрт немесе су тасқыны болғанда, Достық үйі әрдайым көмек көрсетуге дайын.
Этномәдени бірлестіктерден бөлек, консультативтік-кеңесші органдар да бар. Олардың да жұмысы ерекше. Мысалы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Хасенұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.
– Бұл кісі облыстық ассамблеяның құрылуына қатысқан тұлғалардың бірі. Барлық төрағаларды жақсы біледі, Ассамблеяның басынан бастап қатысқан. Біз үшін маңызды тұлға. Ол бастапқыда қазақ мәдени бірлестігі құрамында болды, кейіннен Ақсақалдар кеңесі төрағасы болып тағайындалды. Бұрын ол Қоғамдық келісім кеңесінде де ұзақ уақыт жұмыс істеді. Былтыр олар барлық аудандарды аралап, 200-ден астам ауылды және еңбек ұжымдарын қамтыды, – деп толықтырды баспасөз хатшысы.
Бұл, ең алдымен, мемлекеттік этносаралық саясатты түсіндіру жұмысы. Ассамблеяның қажеттілігін, оның көмегін және этностар арасында достық болмаған жағдайда туындауы мүмкін қиындықтарды түсіндіру мақсатын көздейді.
Қостанайдағы Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісімді нығайту, мәдени әртүрлілікті қолдау және мемлекеттік тілді насихаттау бағытында дамуын жалғастыруда. Басты міндет — аймақта тұратын барлық ұлт өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау. Қостанайлықтар үшін Ассамблея – әрдайым ашық, пікір алмасуға, өз ойын білдіруге мүмкіндік беретін алаң. Бұл ұйым – Елбасы ұсынған бейбітшілік пен келісім идеясын өміршең етудің жарқын үлгісі. Бірлігі бекем ел – болашағы нұрлы ел.
Сондықтан да ҚХА-ның миссиясы – ортақ шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың жарасымды тірлігін қамтамасыз ету.
Аяжан СЕРІК,
суреттер архивтен алынды