Малик Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлектері Дінмұхамед Алдонғаров пен Санжар Серікке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы шен — «азаматтық қорғау лейтенанты» атағын табыстады.
– Офицерлік погондарды үздік курсанттарға көк байрағымыздың астында табыстау игі дәстүрге айналды. Бұл сәт әрбір азаматқа елге қызмет етудің ұлы міндет екенін, оның отанын жан аямай қорғаған батыр бабалардың ұрпағы екенін терең сезіндіреді, – деді Мемлекет басшысы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Қостанайлық түлек Санжар Серік алған әсерімен бөлісті:
– Президенттің қолынан шен алу – үлкен абырой. Бұл сәт менің өмірімдегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды. Өзіме ғана емес, отбасым мен туған өлкем – Қостанайым үшін де мақтаныш сезімін бастан кештім. Алдағы уақытта еліме адал қызмет етіп, артылған сенімді ақтауға бар күшімді саламын, – дейді жас лейтенант.
Дінмұхамед пен Санжар үшін бұл күн олардың кәсіби өмір жолының бастауына айналды. Арнайы атақ – тек оқу кезіндегі жетістіктің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар, болашақта ел игілігі үшін еңбек етуге серпін беретін жауапты міндет.
Айта кету керек, іс-шарада жоғары әскери оқу орындарының үздік 14 түлегі офицерлік шендерді Қазақстан Республикасының Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.
Аяжан СЕРІК,
суретті кейіпкер ұсынды