Ақпан айынан бастап Қостанай қаласында жаңа құрамдағы Қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Кеңес мүшелері іріктеу арқылы анықталды – алдымен кеңеске мүше болғысы келген үміткерлермен әңгімелесу жүргізілді.
Нәтижесінде негізгі және резервтік тізімдер жасақталып, оған мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, кәсіпкерлер, білім беру саласының қызметкерлері, журналистер мен белсенді азаматтар енді.
Қостанай қалалық Қоғамдық кеңесі өз қызметін “Қоғамдық кеңестер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы мен кеңес туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады. Кеңестің құрамында 19 адам бар. Олардың 63,2 пайызы – әйелдер. Жас ерекшелігі 26 мен 78 жас аралығында. Кеңес мүшелерінің 52,6 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері, 36,8 пайызы – мемлекеттік қызметшілер, ал 10,5 пайызы – бизнес секторының өкілдері.
Қостанай қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы – Қуанышбаев Сейтбек Бекенұлы. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің ректоры, белгілі ғалым, облыстық мәслихат депутаты, қоғам қайраткері. Кеңес құрамында қаламызда танымал азаматтық қоғам көшбасшылары, кәсіподақ пен мемлекеттік ұйым басшылары, мемлекеттік қызмет ардагерлері бар.
Кеңес өз қызметін бекітілген жұмыс жоспарына сай атқарады. Кеңес отырыстарында түскен мәселелер қаралып, нақты ұсыныстар қабылданады. Ағымдағы жылы 20-ға жуық ұсыныс қаралды. Олардың қатарында қалалық бюджеттің орындалуын талқылау, әлеуметтік көмек мөлшерін арттыру және үй құрылыстарының сапасына қатысты мәселелер бар.
Кеңес тек кең ауқымды мәселелерді емес, тұрғындардан тікелей түсетін өтініштерді де назарда ұстайды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейтбек Қуанышбаевтың айтуынша, тұрғындармен байланыс – кеңес жұмысындағы басты бағыттардың бірі.
— Бізге нақты өтініштер келіп түсуде. Мысалы, Әл-Фараби көшесі, 91-үйдің тұрғындары ауланы жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты шағымданды. Мердігердің жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау мүмкіндігі болғанымен, тұрғындардың алаңдаушылығы орынды. Біз бұл мәселені құзырлы органдарға жеткізіп, бақылауға алдық. Сонымен қатар, Бородин көшесі, 233-мекенжайында заманауи аялдама орнату туралы ұсыныс та назардан тыс қалған жоқ. Медбикелердің жеңілдікпен зейнетке шығу туралы өтініші де талқыланды, — дейді төраға.
Қоғамдық кеңес мүшесі Иртаева Балбупе Ғалымжанқызы кеңес жұмысына белсене атсалысып жүр. Жоғарыда атап өтілген бірқатар мәселелерге, нақты бастамаларға тікелей қатысып, мәселенің шешілуіне ықпал етті. Бастамашыл тұрғындардың өтініштеріне құлақ түріп, олардың пікірін билікке жеткізу жолында белсенділік танытып жүрген кеңес мүшесінің бұл еңбегі қоғам тарапынан оң бағаланып отыр.
Қостанай қалалық қоғамдық кеңесінің басты міндеттерінің бірі – қала тұрғындарының мүддесіне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоғамдық талқылаудан өткізу. Кеңес мүшелері аталған құжаттарды қарап, мазмұнына талдау жасап, қажет жағдайда ұсыныстар мен ескертулер енгізеді.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейтбек Қуанышбаевтың айтуынша, бұл жұмыс – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құрал. Мұндай жұмыс – қоғамның билікке деген сенімін арттырып, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Кеңес мүшелері нормативтік құқықтық актілердің әрбір тармағына жіті мән беріп, олардың тиімділігі мен орындылығын қарастырады.
— Қоғамдық кеңесте қаралатын кейбір құжаттар әлеуметтік көмектерге, тұрғын үй мәселелеріне, көше жөндеу, экология сияқты маңызды бағыттарға қатысты болады. Мұндай құжаттарды қабылдамас бұрын, біз оларды талдап, сараптап, халықтың пікірі ескерілуі үшін кеңес отырысында ашық түрде талқылаймыз. Біздің міндетіміз – азаматтардың пікірін естіртіп, соның негізінде нақты шешімдердің қабылдануына ықпал ету. Кеңес мүшелері қаланың гүлденуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлес қосуға дайын. Бізде бұл үшін қажетті білім мен тәжірибе бар, — деп толықтырды Сейтбек Қуанышбаев.
Қоғамдық кеңес – тек кеңес беруші орган емес, ол халықтың үніне айналуы тиіс.
Аяжан СЕРІК,
суретті қоғамдық кеңес ұсынды