Мемлекеттік қызметкер күні қарсаңында біз Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Мемлекеттік қызмет саласына мектеп мұғалімінен бастап, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар саясаты салаларында тәжірибе жинап келген Динара ханым бүгінде қоғаммен тікелей жұмыс істейтін құрылымда қызмет атқарып жүр. Сұхбат барысында ол мемлекеттік қызметтің этикасы, отбасы мен жұмысты қатар алып жүру, мотивация, балалары мен келін ретіндегі жауапкершілік туралы ашық айтып берді.
— Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Бұл сіздің жоспарлаған жолыңыз ба, әлде жағдайдың сәйкестігі ме?
— Жоқ, шыңымды айтсам, бұл менің арнайы жоспарлап қойған жолым емес еді. Бірақ жай ғана жағдайдың сәйкестігі де емес. Мен мамандығым бойынша – математика пәнінің мұғалімімін. Бір кездері ауыл мектебінде ұстаз болып жұмыс істедім. 2007 жылы қалаға көшіп келдік. Жаспын, қаладан білім алып, өсіп, дамығым келді. Ұзақ уақыт бойы осыған ұқсас салаларда жұмыс істедім – үкіметтік емес ұйымдардың төрайымы болдым, жастар ісі жөніндегі жұмыстарға араластым. Қалай десем де, осы саланың айналасында жүрдім. 2012 жылы Жастар саясаты жөніндегі басқарма жаңадан құрылған кезде, мені сол жаққа бас маман қызметіне шақырды. Солайша мемлекеттік қызметке қадам бастым. Яғни мені арнайы шақырды.
— Жалпы, сіз үшін мемлекеттік қызмет деген не?
— Мемлекетке қызмет ету, қоғамға қызмет ету – бұл енді баршаға ортақ ұғым. Ал мен үшін бұл — өз қолымнан келетін, шамам жететін нәрселер арқылы елімізге, қоғамымызға пайдалы болуға, өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге деген мүмкіндік пен ниет. Балаларымызға бүгінгіден сәл де болса жақсы мемлекет, жақсы қоғам қалыптастыру — бұл менің мақсатым. Мемлекеттік қызмет — бұл елге пайда әкелу мүмкіндігі.
— Қазіргі атқарып отырған қызметіңіз — сіз үшін мансап шыңы ма? Әлде алда жоғары лауазымдарға ұмтылысыңыз бар ма?
— Шынымды айтсам, мен мансапқор адам емеспін. Мақсат етіп, «міндетті түрде лауазымға көтерілуім керек» деп жүрген емеспін, қазір де ондай ой жоқ. Мен тек жұмысымды жақсы көремін. Өз орнымда пайдалы болғым келеді. Жай ғана пайдалы емес, таңдаған саламда кәсіби маман болғым келеді. Жұмысымды жан-жақты түсінуге, терең меңгеруге тырысамын және әр істі бар ынтаммен атқаруға ұмтыламын. Басшылығым соны байқап, бағалап отырады. Қызметтік сатыда көтерілген сайын, бұл — менің еңбегіме, адалдығыма берілген баға деп түсінемін. Бірақ бастапқыда «басшы боламын» деген мақсатпен мемлекеттік қызметке келген жоқпын. Маған ең маңыздысы — жұмысымды сапалы атқару.
— Сіз ҮЕҰ, журналистика, азаматтық қоғам мен мемлекеттік қызмет секілді әртүрлі салаларда жұмыс істейсіз. Осылардың арасында тепе-теңдік сақтап жүру қиын емес пе?
— Меніңше, бұл – жанның күйі. Яғни, сенде тәжірибе бар, кең көзқарас қалыптасқан болса, бұл табиғи түрде өз орнын табады. Студент кезімде жастар ісі жөніндегі комитетті басқардым, «Лидер Костанай» жастар ұйымының төрайымы болдым – осының бәрі маған көп тәжірибе берді. Қоғамның екінші жағынан қарап үйрендім. Кейін мемлекеттік қызметке келгенде, әсіресе жастар саясаты басқармасына келгенде, менің негізгі мақсатым – жастарға жақсы жағдай жасау болды. Барлығын бірден қамтып, шешіп тастау мүмкін емес екенін жақсы түсіндім. Бірақ жүйелі түрде, біртіндеп, нақты нәтижеге жетуге болады деп сенемін. Студент кезімде біз жастар саясатымен айналысып жүрген алғашқы буын едік. Мәжіліске барып, мемлекеттік жастар саясаты туралы алғашқы заң жобаларын талқылауға қатысқан кездеріміз болды. Бұл сала маған бөтен емес. Кейін ішкі саясат басқармасына шақырған кезде бұл бағыт маған мүлдем жаңа болып көрінгенімен, мен бірінші кезекте терең түсінуге тырыстым. Өйткені менің ұстанымым — мемлекет деген бұл жай ғана аппарат емес, бұл — біз өзіміз. Әр азамат мемлекет. Сондықтан мемлекеттік қызметке келгенде өзімді басқа әлемге енгендей сезінбедім. Бұл бұрыннан айналысып жүрген саламның жалғасы ғана. Енді мемлекеттік қызметкер ретінде жүйелі өзгерістер енгізіп, өзекті мәселелерге нақты шешімдер ұсынғым келеді. Журналистика, ҮЕҰ, саяси партиялар, мәдени бірлестіктер – барлығы әртүрлі. Бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, көзқарасы бар. Осы алуан түрліліктің арқасында біз жақсырақ ұсыныстар жасап, жұмысымызды жетілдіре аламыз.
— Студент кезіңізде жастармен жұмыс істеген екенсіз. Қазір де жастармен жұмыс істеп жүрсіз. Қандай өзгерістер байқадыңыз?
— Шын айтсам, әр буын өз алдына бір әлем. Бірақ бәрін біріктіретін бір нәрсе бар – бұл жастардың қоғамға немқұрайлы қарамауы . Қай заманда болсын жастардың көзінде от жанып, жүрегі алаулап тұрады. Біздің міндет – сол энергияны ары қарай ашуға көмектесу. Айырмашылықтар, әрине, бар. Мысалы, 10–15 жыл бұрын волонтерлік деген түсінік мүлде болмаған. Бұл ұғым халыққа жат еді. Қазір волонтер болу – жан дүниенің көрінісі. Соңғы жылдарда болған түрлі оқиғалар волонтерлік қозғалыстың қоғамда қалыптасқанын көрсетті. Бұрын жастарға арналған арнайы бағдарламалар мүлде болмаған. “Жастар практикасы”, “Дипломмен ауылға” сияқты жобалар енді ғана басталып жатқан. Қазір бұл жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр, мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар бар, бұл – үлкен өзгеріс. Сондықтан қазіргі жастармен жұмыс істеу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда құрылымды.
— Осынша саламен жұмыс істеу қиын емес пе? Жұмыстан шаршап, жалығып кететін кездер бола ма, қалай демаласыз?
— Мен де адаммын ғой. Әрине, шаршайтын кездер болады. Бірақ “жанып кеттім”, “ештеңе көргім де, естігім де келмейді” деген жағдай болған емес. Адам шаршайды, бірақ егер жасаған жұмысыңның жемісін көрсең, соған біреудің алғысын естісең, бұл бәріне тұрарлық. Сонда қайтадан жігер пайда болады. Мысалы, мен БАҚ саласына келгенде, журналистер мен мемлекеттік органдар арасында үлкен алшақтық бар еді. Ақпарат беру қиын болатын. Жаңалық жарияланар кезде екінші тараптың пікірін алу мүмкін болмайтын. Қазір бұл жағдай өзгерді. Бұған менің де аз да болса үлесім бар деп ойлаймын. Егер біз қоғаммен ашық жұмыс істесек, бұл барлығымыз үшін тиімді. Әрине, мемлекеттік қызметкер ретінде белгілі бір этикалық нормалар мен талаптар бар. Қызметкер жұмыс уақытында да, одан тыс уақытта да өзін лайықты ұстауға міндетті. Бірақ мен үшін бұл қиындық емес.
Бір танысым жақында маған: «Сен жұмыста өмір сүресің, ал жұмыс сенің ішіңде өмір сүріп жатыр», – деп айтты. Шыны керек, мемлекеттік қызмет – менің өмірлік жолым, менің болмысым. Бұл – менің бала күнімнен қалыптасқан құндылықтарыммен үндесіп жатқан сала. Анам – 40 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған ұстаз, мектеп директорының орынбасары болған. Үш ауылдың тұрғындары оны құрметтейді. Сондықтан мен әрдайым елге, қоғамға пайда әкелуді қалаймын. Демалыс деген мен үшін отбасыммен уақыт өткізу, бау-бақшада жұмыс істеу, туған-туыстарға бару.
Түнгі клуб, көңіл көтеретін орындар – ол менікі емес. Үйде мүлдем басқа адамға айналамын. Бірақ, мойындау керек, жұмысты үйге де алып келемін. Әлеуметтік желілерде түнгі 12-де де жауап беріп жатамын. Сондықтан «жұмыс уақыты аяқталды» деп бәрін қиып тастай алмайсың.
– Әлеуметтік желілерге қарағанда сіздің отбасыңыз үлкен. Айтыңызшы, сіз қандай келінсіз? Жұмыс пен отбасылық міндеттерді қалай біріктіруге болады?
– Жұмыста – басшымын, үйде – әйелімін, анамын. Осы рөлдердің әрқайсысына сай болуға тырысамын. Бұл жолда маған анам көп көмектеседі. Балаларымның тәрбиесі, сабақтары – бәрін анам өз мойнына алған. Жолдасым да түсіністікпен қарайды. Ол да өз жұмысын жақсы көреді. Біз үй шаруасын бірге атқарамыз – бөліспейміз, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Мысалы, қайын жұртыма барғанда келін ретіндегі міндетімді де атқарамын. Бірақ ол жақта да мені құрметтейді. Мені «келінжан» деп еркелетіп атайды.
Бізде келін – бір әулетті тәрбиелейтін адам. Ол қандай тәрбие берсе, соған қарай ұрпақ қалыптасады. Менің өз отбасым да, жолдасымның отбасы да келіннің жетістігіне қуанады. Ол шығармашылықта болсын, қызметте болсын – бәрібір. Өйткені ол – даму. Ал даму – қашанда құнды нәрсе.
– Балалардың балабақшадағы, мектептегі мерекелері, ата-аналар жиналыстары… Ал сіз жұмыстасыз. Осындай сәттерде не істейсіз?
– Кеше ғана ұлым мектепті аяқтап, аттестат алды. Өкінішке қарай, сол сәтте қасында бола алмадым. Бұл – менің қызметімнің бір қиындығы. Балаларымның барлық іс-шарасына қатыса алмаймын. Бірақ бәрі мінсіз бола бермейді, оған ұмтылу керек. Ұлым – үлкен, менімен кішкентай кезінен бірге жүріп үйренген. Жастар форумына да, спорттық іс-шараға да еріп жүрген. Тренингтерге апарамын – белсенді қатысады. Ол менің жұмысыма бейімделіп кеткен. Ал қызым кішкентайлау, кейде ренжіп қалады. Бірақ түсінеді. «Мама, келесі жолы барайықшы», – дейді. Мен де қолдан келгенше тырысамын. Кейде демалыс алып, шаршағаныма қарамай, қызымның би жарыстарына бірге барамын. Отбасыммен уақыт өткізуді бірінші орынға қоямын.
– Жалпы, мемлекеттік қызметтің қиын сәттері туралы не айтасыз? Қандайда бір «кері жағы» бар ма?
– Иә, кейде тәуліктегі 24 сағат аздық етеді. Көп нәрсеге үлгергің келеді. Дедлайн, шұғыл тапсырмалар, бәріне жауап беру керек. Бірақ мен әрқашан оң көзқараспен қарауға тырысамын. Бұл – менің тәжірибем. Әрбір қиындық – шешілуі тиіс. Бұл – өзіңді жетілдіру мүмкіндігі. Өткен жылы да, биыл да тасқын кезінде түнгі 2-де, 3-те, 5-те де жұмыс істедік…
Бірақ мақсат айқын болса, бәріне шыдайсың. Мен үшін басты мотивация – адамдарға пайда әкелу, қоғамға көмектесу. Сол үшін қандай қиындық болса да, күресемін, алға жүремін.
– Кейде ойлайсыз ба: «Неге мұғалім болып қалмадым?» – деп? Мемлекеттік қызметкер болғандығыңызға өкінбейсіз бе?
– Мен ұстаздықты жақсы көремін. Өзім – мұғалімдер әулетіненмін. Әжем де, анам да мұғалім болған. Өзім де көп жыл ұстаз болдым. Егер ертең мемлекеттік қызметтен кетуім керек болса – мен міндетті түрде мұғалім боламын. Бұл – абыройлы жұмыс. Қазір де сол бағыттан алыстап кеткен жоқпын. Мемлекеттік басқару академиясында сабақ беремін. Жас мемлекеттік қызметшілерге өз тәжірибемді, білімімді жеткізуге тырысамын. Неге?
Себебі біздің басқарма – тікелей халықпен жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет үнемі трансформациялануы керек, Президент те соны айтып келеді. Қазіргі қызметкер – жаңа форматтағы маман болуы тиіс. Сол үшін мен академияда сабақ беріп жүрмін. Өзім оқушыларымды сағынғанда – бұл сағынышты жас мамандармен бөлісу арқылы басамын. Жалпы, өмірде өкініп отыруға болмайды. Қателесу – адамға тән. Ең бастысы – сол қателіктен сабақ алып, келесіде жақсырақ жасау. Сол себепті мен мемлекеттік қызметке келгеніме өкінбеймін.
– Сізді әртүрлі іс-шараларға шақырады, сөз сөйлеу, ашық алаңдарға қатысу – мұның бәрі бір сәтке болсын шаршатпай ма? Телефонды өшіріп, жай ғана тыныш отыруды қалайтын сәттер бола ма?
– Әрине, ақпараттың көптігі кейде шаршатады. Ондайда «қайта жүктелу» керек. Соңғы кезде спортпен айналыса бастадым, жай ғана серуендеймін. Кейде бау-бақшаға барамын. Телефон жанымда болғанымен, қолмен бірдеңе жасаған – жақсы тынығу тәсілі. Ақпаратпен жұмыс істейтін барлық адам шаршайды. Сондықтан демалыс – әр адамға керек. Сол үшін еңбек демалысы да бар. Адам демалуы керек, сонда ғана қайта күш жинап, сапалы жұмыс істеуге болады.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО