Қостанай облысында кәсіпкерлік бастаманы қолдау мақсатында биыл 199 азамат 287 миллион теңгеден астам грантқа ие болды
Бұл қайтарымсыз қаржы әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жаңа бизнес-жоспарларын жүзеге асыруына мүмкіндік бермек.
Кәсіпкерлік – табыс көзі ғана емес, қоғамға пайдалы қызмет көрсетіп, елдің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды жолдарының бірі. Мемлекет бұл бағытта халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы жаңа бизнес-жоспарларды жүзеге асыру мақсатында 490 өтінім қаралып, оның 200-і мақұлданды. Нәтижесінде, 199 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Бұл қаражат жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға, мал мен құс өсіруге, сауда орындарын жалға алуға, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларын дамытуға жұмсалады. Мемлекеттік гранттарға ие болған кәсіпкерлер түрлі салада өз жобаларын жүзеге асыруда. Атап айтқанда: халыққа қызмет көрсету – 84 жоба, ауыл шаруашылығы – 58 жоба, қоғамдық тамақтану – 20 жоба, сауда – 7 жоба, құрылыс – 2 жоба, білім беру – 3 жоба, басқа салалар – 25 жоба. Айта кету керек, грант иегерлерінің 111-і ауыл тұрғындары болса, 88-і қала тұрғындары. Бұл ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға деген үлкен қызығушылық бар екенін көрсетеді.
ГРАНТ МӨЛШЕРІ
Гранттар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға ғана қарастырылды. Олардың қатарында: көпбалалы отбасылар (60 адам), мүгедектігі бар азаматтар (17 адам), мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар (13 адам), атаулы әлеуметтік көмек алушылар (4 адам), көші-қон бойынша қоныс аударғандар (3 адам), кірісінен айырылған тұлғалар (3 адам) бар. 2024 жылы әрбір гранттың ең жоғарғы мөлшері 1 476 800 теңгені құрады. Ал 2025 жылы бұл қаражат 1 572 800 теңгеге дейін артады. Грантқа ие болған кәсіпкерлер қаражаттың мақсатты жұмсалуын растауы тиіс. Яғни, үш ай ішінде фискалдық чектер, келісімшарттар, сатып алу актілері секілді құжаттарды порталға жүктеуі қажет. Сонымен қатар, бір жыл бойы тоқсан сайын есеп беріп, жеке кәсіпкерлігін жабуға болмайды. Бұл қайтарымсыз гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспаған азаматтарға беріледі. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асырып, ел экономикасына өз үлестерін қоса алады.
Қостанай облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Надежда Костенюк атап өткендей, грант көлемі жыл сайын өсіп отырады. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін жүйелі қолдаудың бір дәлелі.
– Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға өз ісін бастауға мүмкіндік беру – маңызды бастамалардың бірі. Берілген қаражат жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға, жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын дамытуға бағытталған. Кәсіп бастауға ниетті азаматтар сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және басқа да салаларда өз жобаларын іске асыруда. Грант алушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі – қаражатты мақсатты жұмсау,- деп атап өтті Надежда Костенюк.
ӨЗ ІСТЕРІн БАСТАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР
Кейде ең жақсы жоспарлар өмірлік қажеттіліктен туындайды. Гүлжан Әбілованың кәсібі дәл осылай басталды. Ол – 10 жылдық еңбек өтілі бар физика және информатика пәнінің мұғалімі. Бірақ ана атанғаннан кейін мүлде жаңа салаға бет бұрды.
– «МамаПро Бизнес» курсына қатысып, бизнес-жоспар жасауды екі ай бойы үйрендім. Бұл маған өз ісімді бастауға үлкен серпін берді. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, сәуір айында курсты аяқтап, диплом алдым, – дейді Гүлжан.
Кәсіп бастауға оны өз ұлы шабыттандырды. Ерекше бала болғандықтан, оны шаштаразда отырғызып қою мүмкін емес еді. Сол себепті Гүлжан баласын өзі қырқуды үйреніп, кейін шаштараз курсын тәмамдады. Осылайша, оның кәсібилікке деген алғашқы қадамы жасалды.
– Грантқа өтініш беріп, өз ісімді бастауға бел будым. Тамыз айында қаржы қолыма тиген соң, бірден іске кірісе алмадым. Алдымен қажетті орын табу, арнайы жабдықтар сатып алу көп уақытты алды. Қала бойынша жалға берілетін орындарды жаяу аралап шықтым. Кейін қазан айында «Улыбка» мамандандырылған сұлулық салонын аштым. Бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген салондардың бірі. Біздің салонда арнайы пандус, мүгедектер арбасына арналған орындар бар. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар, балаларға арналған ойыншықтар, шай ішуге арналған шағын бұрыш бар, – дейді ол.
Ол салон қызметтерін ерекше балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді бағада ұсынады. Мәселен, шаш қию құны оларға 1000 теңге, ал қалған тұтынушылар үшін 1500-2000 теңге аралығында.
– Бізді адамдар жылы қабылдайды, қуана келеді. Себебі мұнда оларды ешкім асықтырмайды, түсіністікпен қарайды, ең бастысы – күлімдеп қарсы алады, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер Екатерина Савенок 2023 жылы мемлекеттік грантқа өтініш беріп, 1 476 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау алды. Бұл қаражат автокөлікке арналған кілемшелер мен қаптамалар тігетін шеберханаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Екатерина 2023 жылдың 29 мамырында жеке кәсіпкер ретінде өз ісін тіркеп, алғашқы тігін шеберханасын ашты. Бірақ оған дейін бұл кәсіп туралы ой санасында бірден пайда болған жоқ.
– Отбасымызда бір жұмыс көлігі бар еді. Бір күні оны жаңартып, салонын қайта қаптауға шешім қабылдадық. Бірақ алғашқы әрекет сәтсіз болды – тігін тігіп көрмеген адамның бірден шеберлік танытуы қиынға соқты. Дегенмен, әлеуметтік желіден ізденіп, өз қолымызбен қайтадан тігіп шықтық. Осылайша алғашқы тапсырыстар түсе бастады, – дейді ол.
Екатерина мен жолдасы бірте-бірте бұл істің қыр-сырын меңгере түсті. Бір күні олар «Mercedes-Benz» көлігінің қаптамасын ауыстыруға тапсырыс алды. Бұл бұрынғы жұмыстарға қарағанда әлдеқайда күрделі еді. Екатерина мен жолдасы түнге дейін тапсырыс орындап, үйден жұмыс істеді. Алғашында кілемшелерді тігуді үйренді, кейін былғарыдан жасалған бұйымдарды да игере бастады. Қазір Екатерина негізінен менеджерлік қызмет атқарады – тапсырыс қабылдап, тұтынушылармен жұмыс істейді. Бірақ кейде өзі де тігін жұмыстарына араласатынын жасырмайды.
– Материалдың сапасына аса мән беріп, тек сенімді шикізатпен жұмыс істейміз. Қолмен жасалған жұмыс әрдайым бағалы болып саналады. Қазір шеберханада екі қызметкер жұмыс істейді. Бұл істі бастаған кезде, оның осылай өркен жайғанын елестете де алмадым. Бірақ жұмыс істесең, еңбегің еш кетпейді. Алдағы уақытта кәсіпті кеңейтіп, қызмет түрлерін көбейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкерлер