Сіз Қостанайда атақты әйелдердің есімімен аталған көшелердің қанша екенін білесіз бе? Қаладағы төрт жүзден астам көшенің ішінде мұндай көше бар болғаны жетеу ғана. Бұл – әйелдердің тарихтағы рөлі мен еңбегінің қаншалықты аз көрініс тапқанын аңғартады
Алайда, бұл көшелердің әрқайсысы – ел дамуына, ғылымға, әдебиетке, еңбекке, ерлікке үлес қосқан асыл жандардың есімін ұлықтаудың бір жолы.
Солардың бірі жайында «Қала көшелері» жобамыз аясында айтып берейік. Қостанай қаласындағы Мариям Хәкімжанова атындағы көше ұлы тұлғаның есіміне лайық көрініс бере алмай тұр. Бұрынғы Қызыләскер көшесі бүгінде ескірген ғимараттарымен, қараусыз қалған құрылыстарымен және металл қабылдау базасымен ерекшеленеді. Жергілікті тұрғындар қолайсыз иіске, көшенің жалпы жағдайына шағымдануда.
2006 жылдың күзіне дейін бұл көше Қызыләскер атауын иеленіп келген. Мариям Хәкімжанованың есімі берілгеннен кейін, ол Ыбырай Алтынсарин көшесімен қиылысатын болды. Бұл кездейсоқтық емес. Екі тұлға да ұлт ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер ғана емес, сонымен қатар туыстық қатынаста болған. Осылайша, олардың тағдырлары тек шежіреде ғана емес, қаланың картасында да тоғысты.
Мариям Хәкімжанова – қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы. Ыбырай Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері Балдырған Айгужина оның өмір жолы туралы былай дейді:
– Ол қазіргі Алтынсарин ауданына қарасты Мезгіл ауылында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің шөбересі болып саналады. Өмірінің бір кезеңінде «Әйел теңдігі» журналында хатшы болып қызмет еткен. Бұл басылым әлі күнге дейін жарық көреді, бірақ қазіргі атауы – «Қазақстан әйелдері». Ұзақ жылдар бойы әдебиет саласында еңбек етіп, 30-дан астам кітап пен мақалалар жариялаған. Сондай-ақ, түрлі халықтардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Ал өз өлеңдері орыс, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, қытай, беларусь, армян және басқа да тілдерге аударылған.
Мариям Хәкімжанова халық ауыз әдебиетін зерттеуге және насихаттауға үлкен үлес қосты. 1976 жылы Қостанай қаласының құрметті азаматы атанып, 1986 жылы Қазақ КСР-нің халық жазушысы атағын алды.
Ақын 1995 жылдың 7 ақпанында өмірден озды. Оның жеке заттары мұражайға тапсырылған. Олардың арасында портреті, жұмыс үстелі мен орындығы, сувенирлер, радиоқоңырау, құжаттары сақталған қобдиша, оның ішінде 1934 жылы Мәскеуде өткен I Бүкілодақтық кеңес жазушылары съезінде Максим Горькийдің қолымен табысталған КСРО Жазушылар одағының мүшелік билеті бар.
-Мариям Хәкімжанованың ұлы Атымтай Серғалиұлы бізге ақынның сүйікті немересі – Айдар Атымтайұлы Хакимжановқа аманаттап кеткен 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» жинағын да табыстады, – дейді Балдырған Айгужина.
Мариям Хәкімжанова көшесі бүгінде ескі ғимараттармен және қараусыз қалған нысандармен ерекшеленеді. Мұнда бірнеше әлеуметтік нысан орналасқан. №2 балабақша (Хәкімжанова, 15) – сыртқы көрінісі ескі, ата-аналардың пікірінше, мекеменің жағдайы алаңдатарлық. Жақын арада бұл туралы толыққанды ақпарат аламыз. №2 қалалық емхана (Хәкімжанова, 56а) – тұрғындар көп баратын маңызды медициналық мекеме. Оңтүстік полиция бөлімі – құқық қорғау органы.
Дегенмен, көшенің жалпы көрінісі көңіл көншітпейді. Ескі үйлер, бос тұрған ғимараттар мен металл қабылдау базасы бұл жерге қаңырап қалғандай әсер береді. Ал жаз айларында жағымсыз иіс тұрғындарға ерекше қолайсыздық тудырады.
Көше тұрғындары жағдайды жақсарту қажет екенін айтуда.
-Бұл жерде уақыт тоқтап қалғандай. Ғимараттар ескі, көпшілігі қаңырап бос тұр. Ал металл базасының маңынан өткенде мүлде демалу мүмкін емес – жазда иіс одан әрі күшейеді, – дейді жергілікті тұрғын Ербол.
Әдеттегідей көше бойында өтіп бара жатқан тұрғындардан Мариям Хәкімжанова жайында сұрастырып көрдік. Көбі ол кісіні біле бермейді.
Қазіргі уақытта бұл көшені абаттандыру бойынша нақты жоспарлар бар ма, белгісіз. Мариям Хәкімжанованың есімі үлкен құрметке лайық. Ал оның атындағы көше бұл атауға сәйкес болуы тиіс. Уақыт өте келе жағдай өзгеріп, бұл көше де жаңарады деп сенеміз.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО