Өтіп бара жатқан жылдар-ай десеңізші. Меңдіқара ауданындағы Қаратал орта мектебін бітірушілерге де жарты ғасыр болып қалыпты. Бүгінгі мақаламызда солар жайлы баяндалып, арманы мен мақсаты бір құрдастардың жастық шақтары хақында сөз етіледі.
Ол күндер ұмытылмайды
Жақында қолыма жергілікті қаламгер, бірнеше танымдық-тағылымдық жинақтардың авторы, замандасымыз Күләш Жұмабаеваның кезекті «Өмір-керуен» деп аталатын кітабы қолыма тиді.
Бұл еңбектің сыртқы мұқабасы қандай әсем безендірілсе, ішкі мазмұны да соған сай мәнді әрі жан тебірентерлік екен. Аталмыш рухани дүние сонау 1975 жылы Меңдіқара ауданындағы Қаратал орта мектебін тәмамдаған түлектер жайлы сыр шертеді.
Онда сол кезде қолдарына кәмелеттік аттестат алған бозбалалар мен бойжеткендердің қилы тағдырлары жайлы кеңінен баяндалады. Бір өкініштісі, олардың көпшілігі арамызда жоқ.
Олардың әрқайсысы жеке әлем. Ғибратты тағдырлары да кейінгі өскелең ұрпаққа қай жағынан алсақ та өнеге. Жалпы, автор ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға өте жетік. Ол «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы берік ұстанғаны айқын байқалады.
Жасыратын ештеңесі жоқ, қазіргі уақытта өзге түгілі, туған-туыс, ағайын-бауырға деген шапағат-мейірім азайып тұрған кезде қаламгердің бір білім ордасында тай құлындай тебісіп бірге өскен құрдас-құрбылары жайлы көлемді еңбек жазуы өте құптарлық дер едік.
Бұл оқыған жанның жүрегін шымырлатпай қоймайтын әрі шеберлікпен жазылған туындының баспадан жарық шығуына жергілікті кәсіпкер, сол мектептің белді түлегі Балтабай Қабжанұлы.
Ол былтыр мамыр айында ғасырлық тойын атап өткен даңқты жерлесіміз, көрнекті ақын әрі аудармашы болып қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ғаббас Жұмабаевтың немере інісі болып келеді.
Әрине, осы жазбаны газет бетіне ұсынбас бұрын кітап авторы Күләш Сәбитқызы мен демеуші азаматпен кездесіп, олардың арман-мақсаттары, ізгі ниеттері жайлы сұхбаттастым.
Екеуі де кезінде айналасына шуағын шашқан, жүректері елім мен халқым деп соққан берекелі шаңырақта өсіп, адамдық, асыл-қасиеттерімен жұртшылыққа белгілі құрдастарымыз.
Олармен жүздесіп, етене араласқаныма да біраз жылдардың жүзі болды. Күлекең мәдениет саласының майталманы. Сәбит ағамыздың алақанына салып, аялап өсірген перзенті. Балтекең де кәсіби құрылысшы. Ата-анасының сенімін ақтаған намысты да жігерлі тұлға.
Шәкірттің алғыр болуы – ұлағатты ұстаздан
Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев кезінде «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп босқа айтпаған. Өйткені, кім болмасын өзін терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге жолдама берген мұғалімнің алдында бас иеді.
Тілі көркем, ойы орамды Күләш Сәбитқызы да жоғарыда айтылған жинағында өздері үшін барлық уақытын да, өмірін де арнаған кешегі ұлағатты ұстаздарына құрмет ретінде, олардың кісілік, адамгершілік қырларына айрықша көңіл бөлгені бәрімізді де қуантты.
Осы орайда ұзақ жылдар бойы Қаратал орта мектебінде қазақ және әдебиеті пәнінен дәріс берген Көпжасар Шаяхметұлының орны бөлек. Ол кісіні нағыз жан дүниесі рухани бай, өзінен гөрі өзгені көп ойлайтын, шәкірттерін ғұмырының мәні санайтын өңіріміздегі абыз ақсақалдардың бірегейі десек қателесе қоймаспыз.
Ол сонау бір жылдары қазақтың маңдайына біткен ең іргелі оқу орны Алматыдағы С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университетті тәмамдаған. Өзін ерекше бақыттымын деп есептейтін себебі ұлтымыздың мақтан тұтар ұлы, әлемге «Абай жолы» эпопеясы арқылы жете таныс Мұхтар Әуезовтың алдынан дәріс алған.
Осынау аса көрнекті ғұлама ғалым әрі қайталанбас суреткердің дәрісханадағы лекцияларын тыңдау үшін сонау Алатаудың баурайындағы өзге де білім ордаларында оқитын студенттер де келіп тыңдайтын.
Біртуар дарын иесінен тәлім алған шәкірт. Оны аяқтаған соң, өзінің кіндік қаны тамған туған өңірге оралды. Содан бергі мағыналы ғұмыры шәкірт тәрбиелеумен өтті. Оның үлкен өмірге жолдама берген шәкірттері байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті де абыроймен қызмет атқарып, тәуелсіз еліміздің патриоттары атанды.
Адал еңбек оны биікке көтерді. Абыройын асқақтатты. КСРО халық ағарту және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Кешегі өзінен тәлім алған жігіттер мен қыздардың түрлі басқосуларында төр соныкі.
Көпжасар ағаның ғұмырлық серігі Рәзия Ілиясқызы да сол мектепте бастауыш сыныптарға дәріс берді. Оның тәрбиесі мен шапағатын көргендердің арасында өзіміз құрмет тұтатын Самұрат Есімов те бар. Ол бұл күндері Қостанай шаһарында тұрады. Өмірден көргені мен түйгені мол азамат. Сыныптасы Балтабай екеуі үлкен бәйтерекке айналған.
Ұлағатты ұстаз Көпжасар ағамен мен де дәмдес болдым. Өзіндік айтары мол бірнеше кітаптарға кейіпкер болатындай ақ тұлға екен. Кезінде осы мектепте Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ахметқазы Шотаев орыс тілінен, Қажығали Омаров музыкадан сабақ беріпті. Бір мақалада бүкіл ұстаздар қауымының атын атап, түсін түстеп шығу мүмкін емес. Олар мұны түсінеді деген ойдамын.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Күләш Сәбитқызының өмірден озған сыныптас достарды еске алуға арналған естеліктер кітабын парақтап отырсаңыз көп жайға көзіңіз жетеді. Өзіңіздің де сонау сағымдай бұлдырап артта қалған балалық балдәурен шағыңыз, студенттік жылдарыңыз, отбасын құрып, ұрпақ сүйген кезіңіз бейне кино лентасындай көз алдыңыздан өтеді.
Шығармаға енген әрбір кейіпкердің тіршілікте өзіндік орны бар. Олар түрлі мамандық иелері. Бірақ бәрінің де алдына қойған мақсаты біреу. Ол елі мен халқына адал қызмет етіп, артында саналы ұрпақ қалдыру еді.
Мысалы Балғожаны алайықшы. Қою қара мұрты өзіне ерекше жарасып тұратын. Ол небәрі 37 жыл ғана ғұмыр кешті. Алайда өзінің кісілік және ақжарқын мінездерімен барша сыныптастарының есінде қалды. Әсіресе, музыкаға деген құштарлығы ерекше болатын. Түрлі аспаптарды меңгеріп, сезімталдығымен айналасындағыларды ұршықша үйіріп алатын. Жақын досы Жанбатыр екеуінің сөздері жараса кететін.
Бірге оқыған қимас достар Едіресті, Сағымбайды, Жанбатырды ешқашан ұмыта алмас. Оның Балтабаймен арадағы достығын әлі күнге дейін жігіттер мен қыздар кездесе қалса жыр қылып айтады.
«Қыз өссе елдің көркі» демекші, ақылдары көркіне сай мектеп арулары атанған Шынардың, Ақжібектің, Сұлушаштың, Күләйханның, Гаухардың, Несібелдінің де өзіндік ерекшеліктерімен дараланып тұратын. Бұлардың бәрі де өз ортасында сыйлы, туған-туысқандарына қайырымды да мейірімді болды.
Жігіттер жағы да нағыз елін, жерін сүйген азаматтар болып қалыптасты. Олардың бойындағы қайтпас қайсарлық, үлкен мен кішіге деген құрмет пен ізгі қарым-қатынас ерекшеліндіретін.
Бұл күндері арамызда жоқ болса да олардың жарқын да жайдары мінездері, бір-біріне деген ықылас сезімдері, отансүйгіштік сезімдері ешқашан да ұмытылмайды. Бірге оқып талай күндерді бірге өткізген достардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей олардың әрқайсысының отбасындағы, қызметтегі ұрпақ тәрбиелеудегі қасиеттерін бір мақалада тізбелеп шығу әсте мүмкін емес.
Дүниеден өткен сыныптастарға деген құрметтің белгісі ретінде олардың арамызда жүрген достары нағыз бауырмалдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Оған марқұмдардың отбасылары мен ұрпақтары да белсене қатысып, қолдарынан келгенше өздерінің үлестерін қосты.
Осы мақаланы дайындау барысында біраз азаматтармен жолығып, олардың пікірлерін білдік. Білім ордасын аяқтағалы бері жарты ғасырды артқа тастаған сыныптастардың да айтары өте мол.
Мәселен, облыс орталығының тұрғыны, замандасымыз Самұрат былай деп жан сырын ақтарады:
– Уақыт деген қас-қағым сәт екен. Кешегі бір мектепте оқыған сыныптастардың көпшілігі бұл күндері бір әулеттің тірегі болып отырған ата немесе әжелер. Олардың қай-қайсысы болса да кешегі жастық дәуренді бірге кешкен достар жайлы толғана айтып беруден жалықпайды.
Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» дегендей, кешегі білім ордасының табалдырығын имене аттаған ұл-қыздар қимас досқа айналып, қолдарына көптен күткен кәмелеттік аттестат алған соң үлкен өмірге аттанған болатын.
Өмір деген өзен екен. Ол үнемі тек қуаныштан тұрмайды. Сол достарымыздың бірқатары бәлкім тағдырдың жазуы шығар, кенеттен дүниеден өткенде бәріміздің де қабырғамыз қайысты. Қайтыс болған қимастарымыздың отбасына барып, қайғыларына ортақтастық.
Жылдар сынаптай сырғып өте берді. Оларды еске алу мақсатында «Келісіп пішкен тон келте болмас демекші, қала мен аудан, елді-мекендерде ғұмыр кешіп жатқан сыныптастар ақылдаса келе бақи болған бауырларымызды еске алуды ұйғардық.
Атамыз қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме. Бәріміздің ойымыз бір жерден шығып, облыс орталығындағы мейрамханада жайылған дастарқан басында аруақтарға бағышталып Құран оқылды.
Ал «Өмір-керуен» деген кітаптың өзіндік алар орны бөлек. Қазіргі уақытта мұндай тәрбиелік-тағылымдық дүниені баспадан шығару да оңай емес. Бірге оқыған замандастарымыз жайлы деректер мен мәліметтерді жинауға да аз уақыт кеткен жоқ.
Алайда, бастаған істі соңына дейін жеткізуге тырыстық. Талпыныстың арқасында әрі ұйымшылдықтың нәтижесінде көздеген мақсатымызға жеттік. Күләш Сәбитқызының бұл танымдық кітабы бәріміздің көңілімізден шықты. Түлектердің елу жылдығына үлкен тарту болды. Ол енді әрбір құрдастарымыздың ең қымбат әрі рухани қазынасына айналары хақ.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкердің мұрағаттан алынды