Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Зафер түрік азаматы. Ол облыс орталығы Қостанай қаласында тұрады. Өзі шаһардағы «Элион» салонында шаштараз болып жұмыс істейді. Өз саласын жетік білетін ол жұртшылық арасында сыйлы әрі беделді.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін алғаш таныған бауырлас елдің перзенті қазақ тілінің жанашыры. Ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізге де ерекше құрметпен қарайды.
Қазақстанды әрқашан мақтан етеді
Жуырда оның отбасымен таныстым. Перзенттері жергілікті №24 мектеп гимназиясында білім алып жатыр. Осы оқу орнында болып, кішкентай балақайлармен жолығып тілдестім. Сүп-сүйкімді ұл бала Оршун және оның қарындасы Альмина ана тілімізге өте жетік екен.
Аз уақыт ішінде олардың қазақ тілін кәдімгідей жақсы меңгеріп қалғандығына көзім әбден жетті. Үлкені 4«Ә» сыныпта, кішкентайы 2«Б» сыныбына барады. Сонымен бірге қатарластарының арасында белсенді.
Аталған балалардың сабақ үлгерімі, зеректігі мен зерделілігін сезген соң олардың ата-анасының тыныс-тіршіліктерімен таныстым. Отағасы Зафер бұл күндері 50 жаста.
Өзі біздің еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған, Түркияның Тракия аймағы Бабаэски қала типтес елді-мекенінде дүниеге келген. Бір ұққаным, түбі бір түрік бауырларымыз өте еңбекқор келеді. Әкесі Мұстафа дүниеден ерте кетсе де ұрпақтарын өз бетінше адал еңбек етуге, адамдық қасиеттерін жоғары ұстауға баулыпты.
Ол ғұмырлық қосағы Арзу екеуі үш баласына тәлімді тәрбие беріпті. Ал, кейіпкеріміз сол үйдің сүт кенжесі. Ондағы жергілікті халық негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Зәйтүн майын дайындап, жеміс-жидек өсіреді Сонымен қатар өңірдегі фабрикаларда жұмыс істейді. Кейбіреулері сауда-саттықпен айналысады.
Қазақ халқы шашты қасиетті санап, оны адамның көркіне балаған. Ынтымағы жарасқан шаңырақтың иесі он жасынан бастап шаштараздыққа өте бейімділік танытқан. Айналасындағы кісілердің шашын қиып, оларға қуаныш сыйлауды мақсат етіп қойды.
Алдымен біреуге көмекшілік етіп, тәжірибе жинақтаса, уақыт өте кәсібінің қыр-сырын меңгерген дипломды маман атанды.
Әрине, біздің мемлекетімізден алыста тұрса да қазақ ағайындар туралы үлкен кісілердің аузынан естіген «Түбі бір түркі тілдес халықпыз. Түркістан күллі бауырларымыздың үлгі тұтар мекені» деген ғибратты сөз құлағында әбден жатталып қалған-ды.
Бала кезден көкірегінде сақталған әрі бір көрсем деген асыл арман жылдар өте жүзеге асты. Осыдан он бес жыл бұрын сәті түсіп, Сарыарқадағы көрікті қала Астанаға біржола ат басын тіреді.
Тағдырын қазақ қызымен тоғыстырды
Зафер үшін өзі бір ұлындай болып кеткен қазақ елі құтты болды деуге толық негіз бар. Әлемдегі ең сұлу әрі аспанмен таласқан асқақ ғимараттары бар елордамызда ол болашақ жары Самалды кездестіріп, көңіл жарастырды.
Бұл 2013 жыл болатын. Жас жігіт қалыңдықпен шаңырақ көтермес бұрын ұлтымыздың барлық ежелден келе жатқан салт-дәстүрін ұстанып, болашақ жарының сонау киелі Торғай өңіріндегі Амантоғай ауылында ғұмыр кешіп жатқан туған-туысқандарының алдынан өтті.
Сол кезде түтіні түзу ұшқан бір отбасының тірегі болып отырған ақ жаулықты Айғанымға қызымен отау құруға серттескенін айтып, оның ризашылығын алды. Сөйтіп, қазақтың барлық ырымдары мен жол-жоралғылары жасалды. Тұяқ атамыздың әулеті қызын қолдан ұзатты.
Міне, содан бері де біршама уақыт зырылдап өте шықты. Зафер мен Самал бір-бірін ұнатқандықтан екі жақтағы туысқандарды бөлмей, теңдей қарым-қатынас жасады.
Отағасы қазақтың сыйлы күйеу баласы атанса, келіншегі Самал да азаматының туып өскен жеріне, әдет-ғұрыптарына ерекше құрметпен қарады. Осы арада екі ұлтты байланыстыратын ортақ рухани үндестік бар. Ең бастысы, дініміз бір, салт-дәстүріміз де ұқсас. Қос халық та үлкен десе ішкен асын жерге қояды.
Түрік бауырларымыздың анаға деген ілтипаты айрықша дер едік. Бұған мысалдар да жоқ емес. Зафер өзіне жарық дүние сыйлаған анасы Арзу сырқаттанып қалған кезде қамқорлық танытып, оны аяққа қою үшін барын салды.
Түркияда Алланың жердегі үйі мешіт өте көп. Жылда келіп отыратын Наурыз, адам баласын ізгілікке, бауырмалдыққа және қайырымдылыққа баулитын Ораза және Құрбан айт мейрамдарын барынша мәнді де мағыналы өткізеді.
Бір шаңырақтың берекесін келтіріп отырған Самал қарындасымыздың айтуына қарағанда, ғұмырлық серігі мінезге өте бай, байсалды да ішкі жан дүниесі сұлу азамат. Осы уақытта дейін бірауыз артық сөзге бармаған. Үйде де, түзде де өзін бірқалыпты ұстайды.
Сондай-ақ, түрік жігіттері өзге мұсылман елдеріндегідей ер кісі отбасын асыраушы әрі қамқоршысы деп түсінеді. Сондықтан екеуі ерлі-зайыпты болғалы бері өзін алақанында аялап ұстап, балалардың тәрбиесі және оқуымен алаңсыз айналасуына барлық жағдайды жасады. Өзі де шаштараздық қызметін күнделікті біліктілікпен атқарады.
Үйде қазақ тіліне көп көңіл бөледі
Қазіргі таңда сыйластығы жарасқан Зафер мен Самалдың отбасында алтын асықтай қос баласы өсіп келеді. Мақаланың басында айтылғандай, олардың жасы келіп, мектеп табалдырығын аттайтын шақ туғанда отағасы көп ойланған жоқ.
Қазақ елінде тұрған соң осы мемлекеттің тілін, мәдениеті мен тарихын құрметтеу біздің парызымыз деп түсінді. Алдымен тұңғыштары Оршунды қаладағы бастауыш қазақ мектебіне алып барды. Ұлдарының қазақ тілін қиналмай еркін меңгеріп кететіндігіне шүбә келтірмеді.
Мұны білім ордасында болғанымда менімен емен-жарқын сөйлескен ұлағатты ұстаз Зәкира Асылбекқызы толығымен растады.Ұзақ жылдардан бері тапжылмай бір жерде еңбек етіп келе жатқан ол Оршун сыныптағы ең тіл алғыр, қабілетті әрі зейінді шәкірт екендігін мақтанышпен ауызға алды.
Ата-анасы да мектеппен тығыз байланыста екендігін айта келіп, талапты оқушының басқа да бірқатар қырларына тоқталды. Осы арада мен 4«Ә» сыныпта оқитын Оршунның ежелден келе жатқан ұлтымыздың ойыны тоғызқұмалақтан өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргендігін білдім. Шахматқа да қатысады. Ағылшын тіліне де ден қойғандығынан хабардар болдық.
Ал, одан кейінгі қызы да өз сыныбындағы зерек оқушылардың бірі. Оған мектеп-гимназиядағы мұғалім Алтынай Қайратқызы дәріс береді. Бұл екі бауыр яғни Оршун мен Альминаның кейбір қатарластарынан ерекшелігі, тек білім ордасының қабырғасында ғана емес, үйде де бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлеседі.
Ол аз десеңіз, аналары Самал сабаққа дайындалар кездерін үнемі қадағалап, ата-бабамыздан келе жатқан әрі олардың ұғымына жеңіл ертегілер мен аңыздарды, жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді қосымша үйретіп отырады. Түрік елінің өзіне тән мәдениеті мен өнері жайлы да айтуды ұмытпайды.
Өткен жылдарға қысқаша шолу жасайтын болсақ, әкесі қасапшылық мамандықтың білгірі-тін. Өзі жастайынан соны көріп, біліп өсті. Алайда Зафер басқа саланы таңдады. Шебер шаштараз болумен қатар сүйікті істері де кейбір ер азаматтарға үлгі-өнеге боларлық.
Қазір де жұмыстан қолы бос кездері отбасы үшін еттен тағам жасауды да ұнатады. Қырық түрлі емге дәру болып табылатын ұлттық сусынымызды да сүйсіне ішеді. Мұны онымен аралас-құралас жүрген жақын кісілердің бәрі де біледі.
– Қазақстанға келіп, осы жердегі бауырларымен тонның ішкі бауындай сыйласып кеткенімен де біршама мерзім өтіпті. Бас кезінде Астанада тұрсақ, кейін Қостанайға қоныс аудардық. Бұл жерде де қаншама қимас достар таптым. Балаларым да мемлекетік тілді жан-жақты меңгеріп, терең білімді маман болып қалыптасатындығына нық сенімдімін,- дейді Зафер Хаджиоглу.
Ерекше тоқтала кетер жай, аталмыш қазақ мектебінің ұстаздары талай шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Ұжымды көп жылдардан бері педагогика саласының білгірі, адамгершілік қасиеті мол, ұлтымыздың аяулы қызы Нұргүл Шәкірқызы Қасенова басқарады.
Кішіпейіл де ашық-жарқын мінезді қарындасымыз қалада өте беделді. Мұндай құрметке өзінің адал еңбек, маңдай терімен жетті. Әріптестерінің еңбегін жоғары бағалайды. Әрбір сыныптағы сабақтың жоғары деңгейде өтуіне ерекше назар аударады.
Біз бүгін тілге тиек еткен отбасы жайлы жазбас бұрын онымен арнайы жүздесіп, біраз жайға қанықтым. Білім ордасындағы мұғалімдер қауымы өз істеріне тиянақты, білімді де білікті болғандықтан шығар, балаларын бірінші сыныптан бастап осында беруге құштар ата-аналар да жеткілікті.
Соның бірі жоғарыда аталған Зафер Хаджиоглудың ынтымағы жарасқан шаңырағы дер едік. Одан басқа да ұл-қыздарын мемлекеттік тілде оқытуға ықыласты отбасылар аз емес. Олар жайлы да сәті келгенде айтылып, жазылар.
Ең бастысы, елімізде ана тіліміздің мәртебесі асқақтап, қолданылу аясы кеңейіп жатыр. Қостанай шаһарында да тәуелсіздік алғалы бері қаншама ана тілімізде әрі ұлттық рухта тәлім-тәрбие беретін мектептер есігін айқара ашты. Бұл сөзсіз қуанышқа бөлейді.
Бүгін сөз еткен облыс орталығындағы № 24 мектеп-гимназиясы да қаламызда қандай үлгі тұтар білім ордасы бар десе ауызға ілінетін оқу орындарының біріне айналды. Шәкірттер оқитын әсем ғимарат өзінің сыртқы көрінісімен алыстан менмұндалайды.
Оның ішкі көрінісі де өте тартымды. Бөлмелер жылы да жарық. Оқушылардың жан-жақты дамуы мен заман талабына сай терең біліммен сусындауына толық мүмкіндік жасалған. Кітапхана қоры да бай. Онда шәкірттердің ұғымына жеңіл оқулықтар мен көркем әдебиеттер де жеткілікті.
– Біздің алға қойған мақсатымыз – тәуелсіз мемлекетіміздің нағыз тірегі болар парасатты азаматтар тәрбиелеу. Бұл үшін ұстаздар әрбір ата-анамен бірінші сыныптан бастап тығыз байланыста жұмыс істейді. Ата-аналар да өз тарапынан қолдарынан келгенше қолдау көрсетеді. Балаларының болашағы осындай мектептерде қаланатындығын жақсы түсінеді.
– Өзіңіз арнайы келіп, жүздескен замандасымыз Самал мен оның ғұмырлық серігі Зафер де ішкі мәдениеті мен парасаты жоғары жандар. Сондықтан да олар әрдайым перзенттерінің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарайды,- дейді білім ордасының басшысы, ұлағатты ұстаз Нұргүл Шәкірқызы.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет отбасылық мұрағаттан алынды