Бүгінгі қоғамда ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өнердің биігін бағындырып жүрген үлгілі отбасылар аз емес. Солардың бірі – өздерінің еңбегімен, өнерге деген адалдығымен, ұлттық тәрбиені ұстанған ұстанымымен дараланған Әбдібековтер отбасы.
Отағасы Марғұлан Назарұлы мен отанасы Мөлдір Құлымбетова Гүлбахар және Хан-Әли атты екі перзент тәрбиелеп отыр.
Марғұлан Назарұлы – өнерге шынайы берілген азамат. Ол ұзақ жылдар бойы Қостанай облыстық қазақ драма театрында актерлік шеберлігін шыңдап, сан түрлі рөлдерді сомдаған. Театр сахнасындағы қажырлы еңбектің арқасында ол көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Кейіннен жастарды өнерге баулу мақсатында мектептерде театр үйірмелерін дамытуға белсене кірісті. Қазіргі уақытта облыстық халық шығармашылығы орталығында көркемдік жетекші қызметін атқарып, өзінің бай тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді. Әр ауданда жаңа театр ұжымдарының құрылуына атсалысып, қазақ өнерінің тамырына нәр беріп жүрген жан. Алдағы уақытта ірі шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Ал отбасының алтын діңгегі, ардақты анасы — Мөлдір Құлымбетова да өнердің киесін сезініп өскен жан. Ол Қостанай педагогикалық институтында домбыра мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын Федоров ауданында бастаған. Тағдыр сол жерде Марғұланмен жолықтырып, қос жүректі бір арнаға тоғыстырды. Мөлдірдің нәзік саусақтарынан төгілген күй мен әуен – ұлттық өнердің мәңгілік сарқылмас бұлағы секілді. Бүгінде ол Қостанай аудандық музыка мектебінде оқушыларға домбыра мен жетігеннің қыр-сырын үйретіп жүр. Сонымен қатар, IQostanay орталығында жетіген сыныбын жүргізеді. Өзінің білімі мен өнерін жас ұрпаққа арнап, ұлттық рухты дәріптеп келеді.
Әулеттің тұңғышы — Гүлбахар — жастайынан өнерге жақын болып өсті. Анасы айтқандай, төрт жасынан бастап «Әнші балапан» секілді байқауларға қатысып, алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Бүгінде ол тек ән айтып қоймай, жетіген аспабында ойнайды, ұлттық би билейді, актерлік шеберлігін шыңдауда. Әкесінің жетекшілігімен театр үйірмесіне қатысып, Алматыда өткен фестивальде басты рөлді сомдап, бас жүлдені иеленген. Табиғатынан сезімтал әрі өнерге бейім қыз бала болашақта қазақ өнерінің шамшырағы боларына сенім мол.
Кенже ұл Хан-Әли әлі жас болса да, оның бойынан ата-анасының өнерге деген құштарлығын көруге болады. Әке-шешесінің айтуынша, екі жақтан да өнер қаны тамырлап келген. Марғұлан Назарұлының әкесі кезінде Тобыл-Торғай өңірінде аты шыққан режиссер болса, Мөлдір Құлымбетованың да нағашы жұртында өнерпаздар аз болмаған. Атақты мәдениет қайраткері Назымбек Молдаахметов – Мөлдірдің анасының туған інісі. Сондықтан ұрпақ бойындағы өнерге деген сүйіспеншілік табиғи жолмен жалғасып келеді.
Әбдібековтер отбасы – қазақы тәрбиені берік ұстанған жанұя. Үйде тек қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрді өмір салтына айналдырған. Әр мереке мен отбасылық жиынды өзара қадірлеп, ұлт руханиятының асыл мұраларына ерекше мән береді.
Балаларына Абайдың қара сөздерін оқытуды, қазақтың бай ауыз әдебиетін танытуды басты міндет санайды.
— Қазіргі балалардың тіл байлығы жұтаңданып бара жатқанын көріп, бос уақыттарында кітап оқуға ерекше көңіл бөлеміз. Кейде бірге қазақтың кинофильмдерін көріп, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдаймыз. Бұл балалардың ой-өрісін дамытуға, тілін ширатып, ұлттық санасын оятуға көмектеседі, — дейді Мөлдір Құлымбетова.
Әбдібековтер әулеті үшін бос уақыт та мәнді өтеді. Жеңіс саябағында серуендеп, таза ауада демалып, ұлттық аспап жетігенде қызы бірге ойнайды. Осылайша олар өзара байланыстарын нығайтып қана қоймай, өнерге деген махаббаттарын күн сайын еселей түсуде.
Бүгінгі күннің басты қаһармандары – өнерді өмірінің мәніне айналдырған, ұлттық рух пен салт-дәстүрді қасиет тұтқан Әбдібековтер әулеті нағыз мерейлі отбасының жарқын үлгісі. Мұндай шаңырақтар барда қазақтың өнері де, руханияты да мәңгі жасай бермек.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған
отбасы