Әрбір қаланың өз тарихы бар, ал кейбір орындары сол тарихпен тікелей байланысты. Қостанайда өткеннің рухын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізетін қасиетті жерлердің бірі – Жеңіс саябағы мен Александр Парадович атындағы алаңы. Бұл орындар жай ғана демалыс аймағы емес, ұлт тарихының, ерлік пен қайсарлықтың үнсіз куәгерлері.
Жеңіс саябағы 1949 жылы жабылған ескі қалалық зираттың орнында пайда болды. 1965 жылы, Жеңістің 20 жылдығына орай, жергілікті билік пен қоғам белсенділерінің бастамасымен бұл жерде мемориалдық аймақ құру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарына студенттер, комсомол мүшелері, зауыт жұмысшылары атсалысты – бәрі жұмыла еңбек етті.
1968 жылы саябақтың дәл ортасында “Жады қабырғасы” орнатылды. Онда Ұлы Отан соғысынан оралмаған қостанайлықтардың есімдері қашалып жазылған. Сол жылы алғаш рет Мәңгілік алау тұтанды. Жобаның авторлары – жергілікті архитекторлар, Белоусовтар бауырлары. Сол кезден бастап бұл жер 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған басты орынға айналды.
Жеңіс саябағына жиі келетін зейнеткер Гүлмира апай үшін бұл жер — тек серуендеу орны емес.
— Менің әкем соғысқа қатысқан. Өкінішке қарай, тірі оралмады. Осы саябаққа келген сайын әкемді еске аламын. Немерелерімді де ертіп келіп, Мәңгілік алауды көрсетемін. Бұл тыныштық оңай келмегенің олар білуі керек, — дейді ол көз жасын тыя алмай.
40 жастағы қостанайлық Асқар мырза үшін бұл жер балалық шақпен байланысты.
— Біз бала кезде 9 мамырды асыға күтетінбіз. Мектеппен келіп, гүл қоятынбыз. Қазір баламды өзім ертіп келемін. Бұл — дәстүр. Осындай орындар болмаса, тарихты қалай жеткіземіз? — деп өз ойымен бөлісті.
Батырлар аллеясы
2019 жылы Жеңіс саябағында жаңа нысан – Батырлар аллеясы ашылды. Аллея бойымен Қостанай облысынан шыққан, жоғары әскери марапаттарға ие болған 41 батырдың бюсті орнатылды. Олардың бесеуінің ескерткіші бөлек қойылған – бұл олардың ерекше ерлігін айқындау мақсатында жасалды. Барлық бюсттер архивтік фотосуреттер мен өмірбаяндық деректер негізінде жасалған.
Көптеген тұрғындар бұл саябақта азаматтық соғыс кезіндегі бауырлас зират бар екенін білмейді. 1919 жылы Қостанайдағы шаруалар көтерілісі кезінде осы жерде шамамен 7 мың адам жерленген. Бұл – аса танымал емес, бірақ маңызды тарихи дерек.
Саябақтың орталық бейнесі – кеңестік жауынгерге арналған ескерткіш. Қатты жүзі, болашаққа қараған көзі мен мығым денесі тек майдангерлерді емес, соғыста шыңдалған халықтың ерік-жігерін де бейнелейді.
Парадович саябағы
Облыс әкімдігі жанында орналасқан тыныш әрі көрікті алаңы Александр Иванович Парадовичтің есімімен аталады. Ол – Қостанай тумасы, Кеңес Одағының Батыры. 1943 жылы ол Днепр өзенінен өтуге және қаланы азат етуге қатысты, ал 1944 жылы ең жоғары марапатқа ие болды. Кейін Қостанайдағы авиация училищесіне жіберіліп, соғыс аяқталған сәтті сол жерде қарсы алды. Көптеген жолдастарынан айырмашылығы, ол бұл қаладан кетпей, осында қалып, болашақ жарын кездестірді. Бүгінде оның бюстін Жеңіс саябағынан көруге болады.
Бұл сквер соңғы жылдары абаттандырылды. Мұнда орындықтар, шамдар орнатылып, гүлзарлар жасалды. Бұл — тұрғындар тынығатын, алайда кейбірі оның атауы кімге арналатынын біле бермейтін орын. Алайда скверге қойылған ескерткіш тас тарихты қайта тірілтіп, әділеттілікті орнына келтіреді.
Әсел есімді жас ана Парадович скверіне күнде серуендеуге келеді.
— Біз осы маңда тұрамыз. Саябақ тыныш, тап-таза. Бірақ бұл жер бір батырға арналғанын кейін білдім. Көктемде әдемі көрініске енетін алаң, отбасымызбен серуендеп, суретке түсетін жеріміз, — деді ол.
Жыл сайын 9 мамырда Жеңіс саябағы халықтың басты жиналу орнына айналады. “Мәңгілік полк” шеруі, гүл қою рәсімдері, концерттер — бәрі осы жерде өтеді. Жастар бұл жерге келіп, батырлар туралы мәлімет алады.
Тарихшылар бұл сияқты орындардың тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани, танымдық тұрғыда да сақталуы маңызды екенін айтады. Өйткені осындай жерлер — өткен мен болашақты байланыстыратын көпір, ұлт жадын жаңғыртатын орын.
Жеңіс саябағы мен Парадович атындағы сквер – жай ғана жасыл аймақ емес. Бұл – өткенмен бүгінді жалғайтын көпір. Мұнда адамдар демалады, серуендейді, бірақ сонымен бірге еске алып, тағзым етеді. Бұл орындар – батырлықтың, ризашылықтың және ұрпақтар сабақтастығының тірі куәгері.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Абиль ДОЩАНОВ