Қаламыздың тұрғыны Күнжамал Егізбаева биыл 101 жасқа толды. Ғасыр жасаған кейуана-бір үйдің ақылшысы, елдің қадірлі анасы.
Әжеміздің бала кезінің балғын шағы елдегі қиын-қыстау заманмен тұспа тұс келген. Ол кісінің өмір жолы-тұтас бір дәуірдің тарихы. Соғыс пен тылдың тауықметін көрген оның әр сөзі-өшпес шежіре, әр күні-тағдыр сабағы. Үйге кіргенімізде, ақ самайлы әже жадырап, жас баладай қуанып қалды. Күнжамал әжені әңгімеге тартып едік, сол заманның өте ауыр болғандығын, соған қарамастан бәрі тынымсыз еңбек еткенін айтты.
– Соғыс жылдарында қандай қиын жұмыс болмасын талмай еңбек еттік. Өзім даяршы болып, қамыс жинап, тіпті трактордың тізгінін ұстадым. Егінді де шаптық, сиырды да саудық. Кейбірі күн салқын деп жұмысқа шықпай қалатын кездері болған. Біз оған да қарамай жұмыс істей бердік. Міне, енді сол заманнын бейнетін көріп отырмын,-дейді Күнжамал Ахметқызы.
Үйдің үлкендері «Сүйек жаңартамыз» деп, тұрмысқа ерте шыққанын айтады. Кейін жолдасы соғысқа шақырылып, мүлде хабарсыз кеткен екен. Ол кісіден бір ұрпақ дүниеге әкелген. Содан соң қайта тұрмыс құрған. Қазіргі таңда абыз ана он бір құрсақтан тараған немере, шөбере, шөпшектің қызығына кеңеліп отыр. Әжей өзінің өткен күнгі естелігін күліп еске алады. Бүгінгі күнге дейін абысыны арнаған өлеңді естен шығармағаны сондай, бізге мәз болып оқып берді. Ғасыр асса да, ешкімнің көмегіне мұқтаж емес. Биыл «Жеңістің 80 жылдығына» ардагерлерді құттықтап жатыр ма, деп сұрады Күнжамал әженің қызы. Ол кісінің сөзінше бұрын әкімшіліктен адамдар келіп, арнайы құттықтап, медаль тағып кететін. Кейіннен өзім хабарласып, шақырып алатын болдым. Сонда ғана келеді. Биыл ол да жоқ дейді. Негізі тыл ардагерлері жайында, осындай ғасыр жасаған адамдар туралы ақпарат таратылатын едіғой деп, – өз ренішін білдірді. Бүгінде жарқын болашақ үшін бар жағдай жасалған. Жастар жеңістің бізге оңай жетпегенін есте сақтаған абзал. Осындай ата-әжелеріміздің арқасында қазір біз бай өмір сүріп жатырмыз. Ештеңеге мұқтаж емеспіз. Сол себептен де тылда еңбек етіп, соғысқа қатысқан ардагерлеріміз мәңгі есімізде сақталмақ. Күнжамал Ахметқызы дақазіргі заманның бұрынғыдан әлдеқайда артық екенін сөз етті.
– Қазіргі заманда не киемін, не ішемін деп қиналмайсын. Барлығы дайын. Барлық жағдай жасалған. Бүгінгі болашақ осыны бағалау керек. Жастарымыз аман болып, ауырмасын. Елімізде тек тыныштық болып, бейбіт заман болсын,-деп тілеймін дейді кейуана.
Күнжамал Егізбаева сынды тыл ардагерлері – елдің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен нағыз батырлар. Ғасыр жасаған абыз ананың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа тағылым. Жеңістің оңайлықпен келмегенін ұмытпай, осындай жандардың ерлігі мен еңбегін әрдайым құрметтеу – баршамыздың борышымыз. «Бейбіт өмір болсын» деген тілеуі – ел амандығын ойлаған ананың ақ жүрегінің үні. Мұндай асыл жандардың өнегесі ұрпақ жадында мәңгі сақталуға тиіс. Гүлжан БӨЛЕГЕН, суретті түсірген Лариса БОЖКО