Бүгін қаламыздың Жеңіс саябағында республикалық жастар экологиялық қозғалысының жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл оқиға тек қаланы көгалдандырудың кезекті кезеңінің басталуы ғана емес, сонымен қатар туған өлкесінің болашағына бейжай қарамайтын жүздеген жасты, мемлекеттік органдардың өкілдерін, еріктілер мен қала тұрғындарын біріктірді.
“Жасыл ел” штабының командирі Анастасия Иващук жоба ауқымы мен негізгі мақсаттары жайлы айтты:
— Біздің мақсатымыз тек қоқысты тазарту емес, жастарды күнделікті табиғатты аялауға шабыттандыру. Экология – бұл бір реттік шара емес, бұл — ойлау мен өмір сүру салты. Биыл үш маусым жоспарланған. Бірінші маусымға 200 адам тіркелді, екіншісіне – 150, үшіншісіне – 100. Жалпы саны – 450 қатысушыны тартуды көздеп отырмыз.
Жоба аясында экологиялық викториналар, эко-ойындар, мамандардың қатысуымен оқыту тренингтері ұйымдастырылады. Соның бірі – елімізге танымал эко-белсенді, “Neco” экологиялық клубының төрағасы Наурызбек Бірмағамбетов өткізетін шара.
Қатысушылар тек пайдалы жұмыс атқарып қана қоймай, материалдық сыйақы да алады. 16-18 жас аралығындағы жастарға 118 мың теңге, ал 18 жастан асқан еріктілерге 120 мың теңге төленеді. Бұл жобаны тек маңызды емес, әлеуметтік бағыттағы бастама ретінде де сипаттауға болады.
Жобаның басты байлығы – оның жас қатысушылары. Бұл күні “Жасыл елге” алғаш рет келгендер де, тәжірибелі волонтерлер де қатысты.
— Мен “Жасыл елге” алғаш рет қатысып отырмын. Үйде бос отырғаннан гөрі қалам үшін бір нәрсе жасағым келді. Тазалыққа атсалысып, аздап табыс тапқым келді. Бұл жобаның пайдалы әрекетті экологиялық ойлаумен ұштастыратыны ұнайды, — дейді Анелия Дәулмабаева.
Кейбіреулер үшін бұл қозғалыс өмірінің бір бөлігіне айналған.
— Мен “Жасыл елде” төртінші жыл қатарынанмын. Бұл тек жұмыс емес, бұл — нағыз команда, жаңа достар, маңызды дағдылар. Осы жерде шынымен пайдалы іс атқарып жатқанымды сезінемін, — дейді тәжірибелі ерікті.
“Жасыл ел” жобасы Қостанайда 2025 жылдың жаз маусымында толық жүзеге асады. Қатысушылар аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу, экологиялық ағартушылық жұмыстар жүргізу арқылы тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етеді.
Мариям СЕРГАЗИНОВА,
суретті түсірген автор