Әр отбасының өзіндік ерекшелігі бар, ал театр әлемінде өмір сүретін отбасылар ерекше сырлы, шығармашылыққа толы болады. Осындай ерекше отбасылардың бірі Бегайдаровтар әулетімен танысу мүмкіндігі туды.
Олжас пен Жібек — театрдың ерекше жұбы. Олар бір-бірімен алғаш рет 2014 жылы Астанаға гастрольдік сапармен барған кезде танысқан. Сол сапарда өнер кафедрасының студенттері олардың спектакльдерін тамашалап, ерекше әсер алған еді. Гамлет спектаклінен кейін олар бір-біріне жақын танысты, ал 2016 жылы ресми түрде отбасын құрды. Бүгінде оларға 9 жыл болды — бұл жылдар театрдың шығармашылығымен, отбасылық құндылықтарымен, балалары — Інжу мен кішкентай ұлдарының тәрбиесімен толы.
— Біздің отбасымыз үшін ең маңызды нәрсе — бірлігіміз бен өзара түсіністік. Театр бізді байланыстырып қана қоймай, шығармашылық рухымызды нығайтты. Әр мереке бізге жаңа қуаныш әкеледі. Қазақтың төл мерекелерін, әсіресе Наурыз бен Құрбан айт мерекелерін ерекше атап өтеміз. Демалыс күндері барлығымыз бірге табиғатқа шығуды, бассейнге баруды, футбол ойнауды және ойын алаңдарында уақыт өткізуді жақсы көреміз, – дейді Олжас Бегайдаров.
Отбасылық дәстүрлерді құрметтеу — олардың өмірінің маңызды бөлігі. Туған күндерде жақын-жуықтарын жинап, мерекені үлкен шын көңілмен атап өтеді. Сондай-ақ, олар бос уақыттарын тек көңіл көтерумен емес, ой-өрісін кеңейтетін интеллектуалды ойындар ойнаумен де өткізеді.
Театр актерлері болғандықтан, қызықты оқиғалар олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі.
— Сахнада болған оқиғаларды отбасымызда айтып мәз боламыз. Бұл біздің шығармашылық ортадағы қызықты тәжірибемізді бөлісуге мүмкіндік береді, – деп өз сөзін толықтырды.
Отағасы отбасындағы тәрбиелік маңызды қағидаларын бөлісті.
— Отан — от басынан басталады. Біз балаларымызға мейірімді, қайсар, шыншыл болуды және көпшіл болуды үйретеміз. Бала көбіне айтқанды емес, көргенді істейді. Сондықтан біз өз жүріс-тұрысымызға үлкен мән береміз. «Жылқы кісінескенше адам түсініскенше» дегендей, отбасында ең бастысы — кешірімділік. Шалыс баспайтын пенде жоқ, уақыт пен төзімділік бәрін түзетеді.
Бұл отбасының тарихы — театр мен өмірдің тамаша үйлесімі, шығармашылық пен махаббаттың жарқын мысалы. Олар әрбір сәтті бағалап, отбасы мен өнерді бірдей құрметтейді. Інжу мен кіші ұлы осындай ортада өсіп, жақсы адам болып қалыптасуда. Мұндай отбасылардың болуы — қоғамымыз үшін үлкен байлық.
Олжас пен Жібек үшін театр тек жұмыс орны емес, бұл — рухани әлемі, өмір сүру салты. Олар сахнадағы әрбір қойылымды отбасы өмірімен ұштастырады. Өздерінің шығармашылық тәжірибелерін, сахнадағы сәттерін үйде бөлісіп, балаларын өнерге баулуда.
– Театр — біздің екінші үйіміз. Бұл жерде біз өмірдің түрлі кейіпкерлерін сомдап, түрлі тағдырларды зерттейміз. Бұл тәжірибелер балаларға да өте пайдалы. Інжу мен ұлымыз сахнаның қалай жұмыс істейтінін, актерлердің еңбегін түсінеді. Олардың көзқарасы мен қиялы кеңейді, – деп сөзін жалғастырады.
Осылайша балаларды ұлттық құндылықтарға баулып, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Осы театрлы отбасының демалыстары да өте белсенді өтеді. Бұл отбасы үшін спорт тек денсаулықты жақсарту ғана емес, сонымен қатар бір-бірімен жақындасу, қуаныш бөлісу тәсілі.
Бұл отбасының тарихы – театрдың шығармашылығы мен отбасының мейірімділігі қалай бір-бірін толықтыра алатынының айқын дәлелі. Олар өз өмірлерін өнерге арнап қана қоймай, балаларына өмірлік маңызды құндылықтарды сіңіріп, рухани байытуды мақсат етеді.
Осындай отбасылардың болуы қоғамымыздың рухани және мәдени дамуы үшін зор маңызға ие. Олар өз үлгісімен басқаларды да жақсылыққа, шығармашылыққа, отбасыға деген құрметке шақырады.
Байқау «Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында өтуде, «Жаңашыр бол» ҚҚ іске асыруда.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған отбасы