Қазіргі таңда Қостанай жастары арасында танымал жұмыс орындарының бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет. Заң саласына бет бұрып жатқан болашақ мамандар үшін бұл құрылым тек тәжірибе жинақтау алаңы ғана емес, сонымен қатар мансап жолының бастауы ретінде де маңызды рөл атқарады. Жастардың бұл салаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысының орынбасары Рүстем Тоқбергеновтың айтуынша, соңғы уақытта жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен түлектер тарапынан бұл мекемеге ерекше сұраныс байқалады.
– Бұл қазіргі таңда елімізде кең көлемде жүзеге асып жатқан жұмыстардың бір бөлігі, – дейді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары. – Қазір «Халық заңгері» атты республикалық акция өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы шара аясында тұрғындар көкейіндегі сұрақтарға тікелей жауап алып, заң тұрғысынан көмекке ие бола алады.
Маманның айтуынша, аталмыш науқан барысында көптеген студенттер мекемеге келіп, тәжірибеден өту немесе болашақта жұмысқа тұру жолдарына қызығушылық білдіруде.
– Бізге келген жастардың басым бөлігі – заңгер мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер. Олар: «Тәжірибеден өту үшін қандай құжаттар қажет?», «Жұмысқа тұру үшін кімге жүгіну керек?» деген сұрақтар қояды. Демек, жастардың бұл салаға деген ықыласы жоғары. Біз оларға кеңес беріп, қажетті бағыт-бағдар көрсетеміз, – деді ол.
Мемлекеттік қызметтегі жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, ең алдымен елге қызмет ету жолы. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымда жұмыс істеу – бұл қоғамдағы әділдік пен тазалықтың сақшысы болу. Бұл мекемеге жұмысқа тұру оңай емес, үміткерлерден жоғары білім, заңнамаларды жетік білу, моральдық және этикалық талаптарға сай болу талап етіледі.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірдік университеттінің студенті Ксения бұл мекемеге жұмысқа орналасуды ұзақ уақыт армандағанын айтады.
– Мен университет қабырғасына кіргеннен бастап-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласына қызыға бастадым. Бұл құрылымның ашықтығы, жауапкершілігі мен тәртібі мені өзіне тартты. Келесі жылы тәжірибені осында өтсем деймін. Алдағы уақытта осында тұрақты жұмысқа орналасуды мақсат етіп отырмын, – дейді ол.
Мемлекеттік құрылымдарға сенім артып келе жатқан жастар көп.
Жастардың бұл салаға бет бұруы – болашаққа деген сенім мен мемлекеттің әділдігіне деген үміттің белгісі. Себебі жемқорлықпен күрес тек арнайы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ал жастардың бұл құрылымға қызығушылық танытуы – ел болашағы үшін маңызды көрсеткіш.
Психолог Арайлым Бағдаулет жастардың бұл саланы таңдауын мынадай факторлармен байланыстырады.
– Бүгінгі жастар – жаңа буын. Олар әлеуметтік желілерде белсенді, қоғамда болып жатқан процестерге бейжай қарамайды. Әсіресе заң мен тәртіпке байланысты мәселелерге жіті назар аударады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қызығушылық – олардың ішкі әділдікке деген сұранысын, азаматтық жауапкершілігін көрсетеді, – дейді маман.
Қостанай облыстық департаменті жастарға тәжірибеден өтуге, семинарларға қатысуға және болашақта жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп отыр. Әр үміткердің ниеті мен дайындығы маңызды. Бұл талаптар жастардың шынайы ынтасын тексеруге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жастар үшін жауапты әрі беделді мансап жолына айналуда. Мұндай бетбұрыс еліміздегі азаматтық қоғамның дамып келе жатқанын, жастардың белсенді, саналы ұрпақ екенін білдіреді. Егер жастар әділдік пен тәртіп орнаған елде өмір сүргісі келсе, ең алдымен сол бағытта өздері де қызмет етуге дайын болуы тиіс.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ