Ана! Осы үш әріпте қаншама бақыт жатыр. Ана баланы тек өмірге әкеліп қоймайды, оның тұлға болып қалыптасуы үшін үлкен еңбек етеді.
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК
Қазіргі қымбатшылық заманда балалы болу тек қуаныш емес, өзінің әлеуметтік және қаржылай қиындықтарымен қатар жүреді. Әсіресе, декреттік демалысқа шыққан аналар үшін тұрақты табыс көзінің болмауы басты мәселе. Дәл осы кезеңде мемлекеттен төленетін декреттік төлемдер мен әлеуметтік жәрдемақылардың болуы барлығы үшін үлкен көмек көзіне айналып отыр. Мәселен, бала дүниеге келгеннен кейін ата-ана республикалық бюджет есебінен бала туылғанда берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға өтініш бере алады. Бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК немесе 149 416 теңге мөлшерінде, төртінші және одан көп балаға 63 АЕК немесе 247 716 теңге мөлшерінде қаражат беріледі. Егер, отбасында екі немесе одан да көп бала дүниеге келетін болса бұл жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады.
– Жұмыс істейтін әйелдер бір жасқа дейінгі балаға күтім жасауға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады. Ал жұмыс істемейтін аналар аталмыш жәрдемақыны республикалық бюджет есебінен тағайындай алады. Олар бір балаға 22 649 теңге, төрт немесе одан да көп бала үшін 34 995 теңгеге дейін алады, – дейді әлеуметтік мәселелер жөніндегі басшысының орынбасары Айнұр Қанапияқызы.
Сонымен қатар, көпбалалы және кәмелетке толмаған баласы бар немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көпбалалы жанұя ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
– Бұл берілетін көмек отбасының табыс көзіне қарамастан әр бала санына тағайындалады. Мәселен, 4 балалы отбасылар 63 030 теңге көлемінде алса, бес балаға 78 798 теңге беріледі. 6 бала үшін 94 565 теңгені құрайды. Сегіз және одан да көп балаға 125 824 теңге қарастырылған. Мұндай жәрдемақыны облыс бойынша 8742 отбасы алып отыр. Сонымен қатар, «Күміс алқа» иелеріне ай сайын 6,4 АЕК, «Алтын алқа» иесіне 7,4 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді. Қазіргі таңда бұл көмекті 5238 көпбалалы ана алады, – деп толықтыра түсті Айнұр Сатаева.
Еліміз үшін ең алдымен ана мен баланың денсаулығы басты назарда болмақ. Сол үшін де мемлекеттен тек қаржылай емес, медициналық тұғыдан да қолдау көрсетіліп келеді. Соның ішінде МӘМС жүйесі арқылы көрсетілетін тегін қызметтердің маңызы орасан зор. Егер әйел жұмыс істеп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлесе, онда ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында барлық көрсетілетін қызметтерді тегін ала алады.
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 26-бабына сәйкес МӘМС жарналарын жеңілдік санатына жатпайтын барлық адам төлеуге міндетті. Жүкті әйелдер немесе декреттік демалыстағы аналар, сондай-ақ баласы үш жасқа толғанға дейінгі аралықта күтім жасап отырған жандар жарна төлеуден босатылады. Мұндай аналар үшін аталмыш төлем мемлекет тарапынан төленеді. Егер ана декреттік демалыста жүріп, оның атына тіркелген жеке кәсіпкерлік бар болса, онда ол жарналарды ЖК-нің салық режиміне сәйкес өзі төлеуі тиіс. Бұл ең төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызына тең. Ал аталған жеңілдікті алғысы келсе, салық органдарына барып ЖК қызметін уақытша тоқтатуы қажет, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының халықты ақпараттандыру бөлімінің басшысы Тимур Ақжанов.
Ана мен кәсіп
Қазіргі қоғамда ана отбасының ұйтқысы ғана емес қоғам дамуындағы белсенді тұлғаның бірі. Оның жұмысы тек баламен шектелмейді. Ана да барлығы секілді дамып, еңбек етуге толықтай мүмкіндікке ие.
Бүгінгі күні көптеген аналар декреттік демалысқа шығып еңбек етіп жатыр. Бірақ бұл кезең, ана үшін үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Егер қоғам мен отбасынан қолдаулар болса әйел адамның алмайтын қамалы болмас. Қазіргі уақытта декреттік демалыста отырып, өзінің қосымша бизнесін ашып, оны дамытқан батыр аналар осының үлгісі.
Айдана Өміржанова – үш батырдың анасы. Баласының үлкені 5 жаста. Қазіргі таңда декреттік демалыста қосымша қаржы тауып, өзін жан-жақты дамытып отыр. Облыстағы қазақ тілді аудиторияның, аналардың дамуы үшін көптеген жұмыстар жүргізіп келеді. Ол декрет демалатын емес, дамитын уақыт деген ойда.
– Декреттік демалыста үш жыл уақыт отырмын. Қазіргі таңда балаға арналған төлеммен қоса YouTube желісі арқылы және «Сибирское здоровье» компаниясынан тұрақты табыс көзі түсіп отырады. Сондай-ақ, жарнамалар мен онлайн жұмыстарым арқылы қаражат та түседі. Маған осы өмірім ұнайды. Декреттік өмірде адамның жан жақты ашылуына мол мүмкіндіктер бар. Тек соны тиімді пайдалануы керек. Ал жұмыста жүрсең сен өзіңді жаңа қырыңнан тани алмайсың. Себебі, оған уақытың да жетпейді. Мен өзімнің бойымдағы қабілеттерді білсем де, оны декреттік демалыс кезінде ғана аша алдым, – дейді Айдана Өміржанқызы.
Айдана декретте отырып «Жақсы әдетім» марафоны арқылы тек өзінің бойында ғана емес, декреттегі аналардың бойында жақсы әдетті қалыптастыра білді. Қыз-келіншектер арасында пайдалы «Құрбы шайды» ұйымдастырды. Ол бұған дейін төрт жыл телеарнада, одан кейін мектепте музыкалық көркемдік жетекші қызметінде жұмыс істеген. Алдағы уақытта жұмысқа шығудан бұрын жеке жоспарларының бар екенін жасырмады.
– Мен бірінші баламен декретте отырған кезде де құр жатқым келмеді. Ол кезде тәтті тоқаштар пісіріп, тапсырыстар қыбылдап жүрдім. Ал екінші балада қыз-келіншектерді бояндырып, әдемі шаш үлгісін жасап табыс таптым. Осы бойынша түрлі мастер-класстар өткіздім. Сол кезде жасалған барлық жұмыстарымды YouTube арнама салып, монета жасадым. Кейін олда бір табыс көзіне айналды. Осыдан үш жыл бұрынғы тоқтаусыз еңбегімнің жемісін қазір көріп келемін. Себебі, сол уақыттағы барлық менің тұтынушыларым, оқырмандарым қазір де менімен бірге жұмыс істеуде, – деп толықтыра түсті.
Табыс пен мүмкіндік
Айдана секілді декреттік демалысты тек демалыс емес , даму уақыты ретінде қабылдайтын аналар аз емес. Солардың бірі – Меруерт Сарбаева. Ол да үш баланың анасы. Декреттік демалыс кезінде визажист болып жұмыс істейді. Негізгі мамандығы заңгер.
– Мен декретте отырып өзімнің хоббиімді қосымша табыс көзіне айналдырғаныма қуанамын. Визажист болу көп адамның қолынан келе бермейді. Ол икемді, шығармашылыққа жақын адамның ғана қолынан келеді. Балам екі айға толғаннан кейін осы жұмысты қолға ала бастадым. Барлық жұмысқа қолымнан келгенше үлгеруге тырысамын. Кішкентай қызым әжесімен үйде қалса, екі баламды мектепке, арнайы секцияларына тасып, осы екі ортадағы уақыт арасында адам қабылдап үлгеремін. Декреттік демалыста құр отырғаннан өзің үшін қосымша табыс тапқан жақсы деп ойлаймын. Себебі, өзім қалаған затты алуға жолдасымның немесе баланың ақшасын күтіп отырмаймын. Кез келген уақытта қажеттілігіме жарататын қаржы болады. Барлық аналар да босқа уақыт өткізбей, өзінің жаны сүйетін іспен айналысып, оны шағын бизнеске айналдырса деймін, – дейді ол.
Меруерт Алмасқызы қаламыздағы қыз-келіншектерден бөлек өздерінің жеке ән кештерін беруге келген танымал жұлдыздармен де жұмыс істейді. Болашақта өзінің негізгі мамандығы бойынша жұмысын қолға алатынын тілге тиек етті.
Меруерттің табандылығы мен шыдамдылығы бүгінгі аналардың шынайы бейнесі десек артық айтқандығымыз емес. Өз ісін сүйіп, сол арқылы табыс тауып, өзгелерге мотивация сыйлап жүрген аналар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі-Гүлбаһрам Жақсылық. Ол алғаш ана атанса да, декреттік демалысты тиімді пайдаланып, өз ісін дөңгелентіп отыр. Негізгі мамандығы-қобызшы, музыка пәнінің мұғалімі.
– Декретке шыққан уақыттан бастап, инстаграм әлеуметтік желісінде «декретте отырып ақ миллион табуға болады» дегенді жиі естідім. Алғашында Қытайдан түрлі заттар алып, соны сатумен айналыстым. Бірақ, бұл қолбайлар жұмыс болды. Балам бір жарым жасқа келген кезінде кондитерлік салаға бет бұрдым. Осы уақытқа дейін арнайы курсты оқыған едім. Дегенмен оны іс жүзінде жасап, пайда табамын деген ойымда болмады. Жолдасым мен жақын жандарымның қолдауының арқасында қазір түрлі тәтті бенто торттарға тапсырыс қабылдап, басқа адамдардың қуанышты күндерінің себепшісі болып жүргеніме қуанамын, – дейді жас ана.
Сонымен қатар, Гүлбаһрам «Сибирское здоровье» компаниясынан да табыс тауып отыр. Ол өзінің бір жерде сегіз сағаттап жұмыс жасағысы келмейтінін айтып өтті.
– Онлайн үйде отырып жұмыс жасағанда отбасыма, балама деген уақыт көп болады. Ал былай жұмыс істеген кезде жұмыс бар энергияны алып, шаршап қаласың. Қазіргі таңда өзімнің тұтынушыларымды тауып үлгердім. Сонымен қатар, жеке брендті қалыптастыруда көптеген жұмыстар атқарудамын, – дейді Гүлбаһрам Хамзақызы.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті ұсынған кейіпкерлер