«ТоболИнфо» ақпарат агенттігінің тілшілері Қостанай облысындағы тарихи орындарды аралап қайтты
Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған жері – Қостанай облысы, Сарыкөл ауданына қарасты Күнтимес ауылы. Ал осы өңірдегі Майлин ауданындағы Майлин ауылы – жазушы Бейімбет Майлиннің туған жері. Бұл елді мекендер облыс орталығынан шалғайда орналасқан және қазіргі уақытта тұрғын саны өте аз. Өкінішке қарай, бүгінде бұл ауылдар құлдырап барады. Алайда оларға тиісті жағдай жасалса, бұл жерлер туристер үшін қызықты бағытқа айналар еді. Мұндай мысалдар Қазақстанда бар – мысалы, Абай Құнанбайұлы дүниеге келген Жидебай ауылы. Бүгінде ол жерге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де туристер ағылып келеді. Ендеше, өзге де тарихи маңызы бар ауылдарды неге тартымды туристік орынға айналдырмасқа?
АБАЙДЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ
Зерттеуімізді оң мысалдан бастайық – Жидебай елді мекені. Ол Абай облысының Абай ауданына қарасты, Семей қаласынан шамамен 180 шақырым жерде орналасқан. Дәл осы жерде көрнекті қазақ ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлы (1845–1904) дүниеге келген.
Фото: gov.kz
Бүгінде Жидебай – тарихи-мәдени, әдеби мәнге ие орын, сондай-ақ қорық. Бұл жер Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының құрамына кіреді. Мұнда республикалық және жергілікті маңызға ие мәдени-тарихи нысандар орналасқан: Абай Құнанбайұлының үй-мұражайы, ағартушының мазары, анасы Ұлжанның, әжесі Зеренің, інісі Оспанның және өзге де жақындарының қабірлері бар.
Фото: gov.kz
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Абай ауданында 5 қонақ үй, 14 кафе және 5 асхана жұмыс істейді. 2024 жылдың басынан бері «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайын 60 мыңнан астам адам тамашалаған.
Фото: gov.kz
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның үй-мұражайы еліміздің мақтанышына айналды. Нысан заманауи талаптарға сәйкес ғылыми қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен қапталған. Кешеннің инфрақұрылымы көгалдандырылып, амфитеатрдың төбесі сәулетті күмбезге айналды. Кіреберіс алаңда ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылып, кешеннің ішкі-сыртқы аумағы толық жарықтандырылған. Мұнда «Шежірелі Шыңғыстау» мұражайы жұмыс істей бастады, – деп жазылған Абай облысы әкімдігінің ресми сайтында.
Фото: gov.kz
Бұл мекен, шынымен де, өзіне тартады. 2023 жылы «ТоболИнфо» тілшілері де осы киелі жерлерге барған болатын. Сол сапарымызда бізді таңғалдырғаны – бәрі Абайдың көзі тірісіндегі қалпында қайта жасалғандай әсер қалдырды. Ақынның жұмыс бөлмесіндегі үстелде тіпті сиясы кеппеген қалам жатқандай. Үй ішіндегі тұрмыс-салт көріністері, балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл жайлы деректер, олардың шығармашылықты жалғастырғаны туралы құжаттар сақталған. Сондай-ақ шәкірттері – Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет шығармашылығы жайлы мағлұматтар ұсынылған. Мұндай тарихқа қол тигізгің келеді…
Фото: gov.kz
Біз бұл мысалды жайдан-жай келтіріп отырған жоқпыз. Қостанай облысында да қазақтың танымал тұлғалары дүниеге келген тарихи ауылдар бар. Алайда, өкінішке қарай, олардың қазіргі жағдайы мүшкіл. Туристерді тартатын тартымды орталыққа айналдырудың орнына, олар қараусыз қалған. Қостанай өңіріне әзірге Абай облысының туристік танымалдығына тек қызыға қараудан басқа амал қалмағандай.
УӘЛИХАНОВТЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ
Шоқан Уәлихановтың туған жері – Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы аумағындағы Күнтимес өңірі. Кейін бұл жерде сол аттас ауыл бой көтергенімен, 2019 жылы ресми түрде таратылған. Біз Күнтимеске арнайы барып, ауылдың қазіргі жағдайын өз көзімізбен көріп қайттық.
Бұл жерге жету оңай емес. Күнтимеске апаратын жол жеңіл көлікпен жүруге жарамсыз – тек шұңқырларға тап боласыз. Жаңбырлы күндері бұл өңірге мүлде кіру мүмкін емес. Қазіргі таңда ауылда 20-ға жуық бүтін үй қалған, ал тұрақты түрде жалғыз Құрманғалиевтер отбасы ғана тұрып жатыр. Олар мал және егін шаруашылығымен айналысады.
Бізді Сауле Уашевна қарсы алды. Ол бұл ауылға 1978 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін келіп, осы жерде түп-тамырын жайған. Жергілікті орта мектепте ондаған жылдар мұғалім болып еңбек еткен. Қазір зейнеткерлікке шыққан Сауле апа шаруашылықпен айналысады. Бұл жерге әбден үйреніп қалғандықтан, көшу туралы мүлде ойламайды. Төрт ұлы да осы ауылда дүниеге келген.
– 1997 жылға дейін мұғалім болып жұмыс істедім, кейін елдегі дағдарыс кезінде Қостанайға көшіп кеттік, – деп еске алады ол. – Облыс орталығында екі-ақ жыл болдық. Бірақ қала бізге қолайсыз екенін түсініп, қайтадан Күнтимеске оралдық. 2000 жылы жұбайым мемлекеттен жер алып, бидай еге бастадық. Біртіндеп база салып, мал ұстай бастадық. Алғашында қиын болды, бірақ уақыт өте келе бәрі реттелді.
Сауле Құрманғалиева бұрын Күнтиместе 100-ден астам отбасы тұрғанын айтады. Алайда жұмыс болмағандықтан, тұрғындар біртіндеп көшіп кеткен. Уақыт өте келе мектеп те жабылды – оқитын бала қалмаған. Қазір оның ғимараты қирап, ескі күйге түскен: қабырғалары мен төбесі көгеріп, сылақтары түсіп кеткен, төбесінен су өтеді.
Бірақ біздің сұхбаттасымыз үмітін үзбейді. Ол Күнтиместің бір күні қайта жанданып, бұрынғыдай тіршілік қайнап, адамдар қайта оралады деп сенеді. Өйткені бұл жай ғана ауыл емес – тарихи және мәдени құндылығы бар мекен.
Күнтиместе Шоқан Уәлихановтың есімін сақтау жолында күресіп жүрген жандардың бірі – облыстық мәслихат депутаты Динара Утебаева. Оның басты арманы – ауылда ашық аспан астындағы мұражай ашу. Бұл жоба туризмнің дамуына серпін беріп, Күнтиместің әлеуметтік маңызын арттырары сөзсіз.
Айта кетейік, мұндай мұражай ашуға толық негіз бар. Себебі, кезінде бұл жерде Шоқанның әкесі, Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың үйі болған. Күнтимес археологтар тарапынан әлі толық зерттелмеген. Мүмкін, топырақ астында сол кездегі өмірге байланысты көптеген артефакттар сақталып жатқан болар.
Күнтиместің байырғы тұрғыны, бүгінде 77 жастағы Үмітжан Игілікова да бізбен сұхбаттасты. Қазір қалада тұратын Үмітжан апа жыл сайын ата-бабаларының зиратын зиярат ету үшін ауылға келеді. Біздің сапарымыз оның дәл осы жолғы келуімен тұспа-тұс келді. Сұхбат барысында оның атасы Сабит Уәлихановтар әулетінің замандасы болғаны және сұлтан үйіне қорғаныс орын салуға қатысқаны анықталды.
Үмітжан Сабитқызының айтуынша, бала кезінде бұл жерде ескі жеркепелер болған. 1980 жылдардың соңында олардың отбасы үй салып жатқанда, Шыңғыс сұлтанның бұрынғы үй-жайы орналасқан орынға тап болған. Құрылыс кезінде 19 ғасырдың тұрмыстық заттары – қысқаш, тістеуіш секілді пеш құралдары және өртенген үйдің ағаш қалдықтары табылған. Олардың бәрі мектеп мұражайына тапсырылған.
– Бұрын бұл жерде сұлтан салдырған мешіт те болған, – дейді Үмітжан апа. – Кейінірек сол мешітті бұзып, жақын маңдағы Новопрокуров совхозына МТМ салуға құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Ал «Күнтимес» атауын Шыңғыс Уәлихановтың өзі қойған. Бұл жер — даланың ортасындағы оазис секілді, қысқы жайылымға өте қолайлы болған. Ол Аманқарағай округінің сұлтаны ретінде бірнеше мәрте сайланып, барлығы 19 жыл ел басқарды. Кейін қызметін тапсырып, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы ата қонысы – Сырымбетке қоныс аударды. Сол кеткеннен кейін бұл өңірде төре тұқымынан ешкім қалмаған. Бірақ Күнтимес әлі де Уәлихановтар әулетімен тығыз байланысты және олар жайлы естелікті сақтап отыр. Бұл мұраны болашақ ұрпаққа аманаттау маңызды, – дейді ол.
КӨРШІ ОБЛЫСТАҒЫ КИЕЛІ ЖЕР — СЫРЫМБЕТ
Салыстырмалы түрде алғанда, Шоқан Уәлиханов үшін аса маңызды болған тағы бір мекен – Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет ауылы. Болашақ ғалым, ағартушы әрі саяхатшы осы жерде балалық және жастық шағын өткізген. Шоқанның тәрбиесімен оның сүйікті әжесі Айғаным айналысқан. Былтыр «ТоболИнфо» тілшілері мен түсірілім тобы Сырымбетке арнайы барып қайтты.
XX ғасырдың басында Уәлихановтар әулетінің тұрғые үйі иесіз қалып, 1917 жылға қарай ескіріп, бұзылып кеткен. Алайда 1993 жылы бұл тарихи нысан қайта қалпына келтірілді. Қазіргі таңда Шоқан Уәлихановтың есімімен аталған Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының құрамына кіреді.
Qyzyljar телеарнасының бас редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Менің туған өлкем» бағдарламасының ұзақ жылдар бойы жүргізушісі Индира Баймұхамбет бізге Сырымбет туралы құнды ақпаратпен бөлісті:
– 1822 жылдың күзінен бастап Сырымбеттегі бұл өңір Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным Уәлиқызының тұрақты қыстауы болды. Ол – Орта жүздің ханы Уәли Абылайханұлының жесірі, – дейді ол. – Бұл жерге бір келген адам Сырымбеттің ерекше сұлулығын бірден байқайды. Қарағайлармен көмкерілген жота-жондар ауланы желден қорғап қана қоймай, табиғат көркін де аша түседі.
Қазіргі таңда Уәлихановтар тұрған үй – туризм нысанына айналған тарихи орын. Жыл сайын мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен экскурсия топтары мен саяхатшылар келіп тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы – тек Шоқанмен ғана емес, қазақ әдебиетінің классиктері – Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановтың туған өлкесі ретінде де танымал. Біз Индира Баймұхамбеттен осы тарихи орындардың қазіргі жағдайын сұрадық.
– 1989 жылы Сарытомар орта мектебінің жанынан «Мағжан Жұмабаев» атындағы мектеп мұражайы ашылған. Оның негізін қалаған – Ерік Күжекпаев. Жылдар өте келе бұл мұражай қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжанның өмірі мен шығармашылығына арналған маңызды тарихи орталыққа айналды. Бүгінде бұл мұражай Қазақстанның киелі жерлер картасына енген. Үш залдан тұратын мұражайда 500-ден астам экспонат бар, – дейді ол. – Сонымен қатар, 1993 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Сасықкөл ауылында ақынның ата-бабасына арналған ескерткіш тас қойылған. Бұл жерге де елдің әр түкпірінен адамдар келіп, ұлы тұлғаның рухына тағзым етеді.
СҚО-да қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражайы да бар. Ол қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Сәбит ауылының аумағында орналасқан.
Мұражай – қарағай бөренеден салынған бір қабатты ағаш үй. Жалпы ауданы – 180 шаршы метр, бес бөлмеден тұрады. Үйдің жанындағы 247 шаршы метрлік алаңда шағын саябақ, жазғы күрке мен шошала бар. Бұл үйде 1990 жылы мемориалдық мұражай ашылып, жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін экспозиция жасақталған.
Аталған деректерден байқағанымыз – бұл өңірлерде тарихи-мәдени мұраға ерекше көңіл бөлінеді. Атақты тұлғалардың есімін ұлықтап, ұрпаққа қалдыру жолында жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
ЖАЗУШЫНЫҢ АУЫЛЫ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КҮЙДЕ?
Енді қайтадан Қостанай облысына оралып, әйгілі жазушы Бейімбет Майлин дүниеге келген ауыл — Ақтөбе жайлы сөз қозғайық. Бұл ауыл бұрын Торғай облысының Қостанай уезіне қарасты Дамбар болысына тиесілі болған. Қазіргі атауы — Майлин ауылы. Ол Бейімбет Майлин ауданына қарасты Асенкритов ауылдық округінің құрамына кіреді.
Бейімбет Майлиннің есімі аталатын аудан оның мұрасына құрметпен қарайды. Әкімшілік орталық — Әйет кентінде жазушыға арналған ескерткіш, көше және тарихи-өлкетану мұражайы бар.
– Мұражай 1991 жылы ашылған, – дейді мұражайдың кіші ғылыми қызметкері Ирина Граф. – Жазушы жайлы құжаттар мен материалдарды жинау бірнеше жылға созылды. Біз оның қыздарымен хат алмасып, құнды мәліметтер алдық. Жазушының 100 жылдығына орай үлкен экспозиция жасақталды. Онда оның өмірі, отбасы, шығармашылығы жайлы мағлұматтар бар. Сондай-ақ, архив құжаттары, соның ішінде өлім жазасына кесілгені туралы үкімнің көшірмесі де қойылған.
Мұражай Әйет кентінің көрнекті орындарының бірі саналады. Оны жергілікті тұрғындармен қатар, сырттан келетін қонақтар да жиі аралайды. Біздің мақсатымыз – жазушы туған ауылдың қазіргі жағдайын өз көзімізбен көру еді. Сол үшін біз Майлин ауылына жол тарттық. Ауыл аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Ауылға дейінгі жол асфальтталғанымен, ауылға кіреберіс бөлігі сын көтермейді. Былтырғы сәуір айында болған тасқын кезінде бұл жол мен астындағы су өткізу құбырларын су шайып кеткен. Сол кезден бері бұл мәселе шешілмеген. Біз ауылға далалық жол арқылы кірдік.
Қазіргі таңда бұл ауылда бірнеше ғана үй қалған. Бар болғаны төрт отбасы тұрады. Солардың бірі – осы ауылдың тумасы Ұлболсын Құрманғалиевамен тілдестік. Ол жұбайымен бірге мал шаруашылығымен айналысады. Болашақта Әйетке немесе Қостанайға көшуді жоспарлап отыр.
– Өкінішке қарай, бұл ауылда болашақ жоқ, – дейді ол. – Адам қалмады, жол жоқ. Өткен қыс қарсыз болды, сондықтан бізге қатынау жеңіл тиді. Егер биыл қалың қар түссе, жағдайымыз қиындайды. Біз күн сайын сүт өткіземіз, бірақ қалың қарда сүт таситын көлік жете алмауы мүмкін. Бұл жер бізге қымбат, бірақ басқа амал жоқ – көшуге мәжбүрміз.
Бейімбет Майлин сынды тұлғаның кіндік қаны тамған ауылдың бүгінгі жағдайы — көп нәрсені аңғартады. Ауыл босап, инфрақұрылым тозып барады. Бұл – тек бір ауылдың емес, тұтастай ауылды жерлердің тағдырына қатысты маңызды мәселе.
Мекен иесінің естелігіне сәйкес, 1894 жылдың 15 қарашасында туған Бейімбет Майлиннің үйі бүгінгі мазардың жанында тұрған. Осы ауылда ұлы драматургтің жүз жылдығына арнап мешіт салынған еді. Қазір бұл намазхана қаңырап қалған, имам жоқ, ішкі қабырғалары ылғал, жасыл көгеру басқан.
Бос қалған ауылда біз Бакытжан Жусупбековпен кездестік. Ол да осы өңірдің тумасы. Бакытжан және Улболсын Құрманғалиева сияқты ауыл ақсақалдарының айтқан жерін көрсетіп, Майлиннің үйі бұрын сол жерде тұрғанын айтты. 1980 жылдары осы жерде археологиялық зерттеулер жүргізілген.
– Мен сол кезде бұл жерде қазба жұмыстары болғанын жақсы есімде сақтап қалдым, – дейді Бакытжан. – Бірақ зерттеулер тоқтап қалды да, қайта жалғаспады. Мен бұрын механизатор болып жұмыс істедім, енді зейнетке шығамын. Қазір ауылда ұлым отбасымен тұрады, бірақ ол да кетуді жоспарлап отыр.
Ауылдың соңғы тұрғындары кеткенде, бұл тарихи орын не болары анық. Бұл жер ауданның басты туристік орталығы бола алар еді.
Жиынтық жасап қарасақ, кейбір тарихи орындар мәдени брендке айналып, туристік орталықтарға айналған болса, енді біреулері ұмытылып, жыл өткен сайын өз құндылығын жоғалтып келеді.
– Біз ұлы отандастарымыздың есімдерін есте сақтауымыз, олардың туған жерлеріне туристік маршруттар құруымыз, балалар мен ересектерге арналған қолжетімді экскурсияларды ұйымдастыруымыз маңызды. Өйткені өткенсіз болашақ болмайды, – деп қорытындылады Қостанайдан 30 жылдық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі Александр Поздняков.
Қазіргі уақытта Күнтімес пен Майлинге қызығушылық тұрғындар, өлкетанушылар және қоғамдық ұйымдар арасында сақталып отыр. Егер олардың еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау тапса, бұл тарихи орындардың жаңғыруының бастауы бола алады.
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «ТоболИнфо» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.
Асхат НУРТАЗИН,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО,
видеоны дайындаған Абиль ДОЩАНОВ, Нуржан СМАИЛОВ, Шафаис КАРИМОВ