Жаз – балалар мен жасөспірімдер үшін көптен күткен демалыс уақыты. Бірақ соңғы жылдары бұл мезгіл тек демалыс емес, еңбекке араласып, алғашқы табыс табатын, өз мүмкіндіктерін сынап көретін кезеңге айналды. Әсіресе, 14–18 жас аралығындағы оқушылар үшін жазғы жұмыс – үлкен өмірге алғашқы қадам.
Бірі ата-анасына көмектесуді мақсат етсе, енді бірі еңбек ете жүріп, тәуелсіздікті сезінгісі келеді. Қалай болғанда да, жазда жұмыс істейтін жасөспірімдердің саны жылдан жылға артып келеді. Алайда бұл үрдіс тек бейресми жұмыс орындарында емес, мемлекеттік деңгейде де дамып келеді.
Жоба аясында
Бүгінде жасөспірімдерге арналған бірнеше бағыттағы ресми еңбек бағдарламалары жүзеге асуда. Солардың бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Жасыл ел» жобасы.
Аталған бағдарлама 2005 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу, патриоттық сезімдерін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жасөспірімдер мен студенттер жаз айларында көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына қатысады. Бұл еңбек тек физикалық жұмыс емес, сонымен қатар командалық жұмыс, жауапкершілік, қоғамдық сана сияқты қасиеттерді қалыптастыратын маңызды тәжірибе.
Биыл «Жасыл ел» жобасы үш маусым бойынша ұйымдастырылып отыр. Бірінші маусымға – 200 жас тіркелген болса, екінші кезеңде – 150, ал үшінші маусымда – 100 жас жұмысқа тартылмақ. Барлығы – 450 қатысушы. Қаланың көркіне көрік қосатын, табиғатты қорғауға бағытталған бұл жұмыстар үшін жастар еңбекақы да алады. Атап айтқанда, 16–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге – 118 мың теңге, ал 18 жастан асқан еріктілерге
– 120 мың теңге төленеді. Бұл, әрине, үлкен емес, бірақ алғашқы еңбек жолын бастаған жастар үшін жеткілікті табыс.
Бағдарламаға қатысушылар арасында алғаш рет жұмыс істеп жатқан жастар да, бұрыннан тәжірибесі бар еріктілер де бар. Мәселен, Анелия Дәулмабаева «Жасыл елге» биыл алғаш рет қатысып отыр.
-Үйде бос отырғаннан гөрі қалам үшін бір нәрсе жасағым келді. Тазалыққа атсалысып, аздап табыс тапқым келді. Бұл жобаның пайдалы әрекетті экологиялық ойлаумен ұштастыратыны ұнайды, – дейді ол.
Ал жобаға төртінші жыл қатарынан қатысып жүрген тәжірибелі еріктілердің бірі: «Бұл тек жұмыс емес, бұл — нағыз команда, жаңа достар, маңызды дағдылар. Осы жерде шынымен пайдалы іс атқарып жатқанымды сезінемін», – деп бөлісті. Осындай пікірлер жобаның жастар өміріндегі маңызын айқындай түседі.
Платформа арқылы
Жастардың еңбекке араласуы тек жаз мезгілімен шектелмейді. Қазіргі таңда жастар үшін түрлі онлайн мүмкіндіктер де ашық. Бұл жөнінде Қостанай қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының ізденушілермен жұмыс секторының жетекшісі Альбина Утемисова айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі күні студенттер мен оқушылар enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқудан өте алады.
– Олар порталдағы Enbek Skills бөлімін таңдайды. Бұл жерде олар 16 жастан бастап онлайн оқи алады. Курстардың ішінде – кадрлық басқару, үй құстарын (үйрек, қаз) өсіру, балалармен жұмыс істеу және дамыту бойынша базалық курстар бар. Сонымен қатар “дүкенді онлайн ілгерілету” секілді кәсіптік бағыттағы оқулар ұсынылған. Барлық курстар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Курсты аяқтағаннан кейін, әр қатысушыға жеке кабинеті арқылы сертификат беріледі. Бұл құжатты басып шығарып, кейін жұмысқа орналасу кезінде көрсетуге болады, – дейді маман.
Бүгінгі таңда енбек.кз платформасында 645 адам оқудан өткен. Олардың жасы 16-дан 35 жасқа дейін. Тек биылдың өзінде 145 қатысушы оқуды аяқтап, тиісті сертификаттарын алған. Бұл сертификат – жұмыс берушілер алдында сенімділік тудыратын бір құжат. Жастар платформа арқылы алған білімін әрі қарай тәжірибемен ұштастыра алады.
– Жастар оқуды бітіргеннен кейін, порталда жұмыс іздеп, өз бетімен түйіндеме жолдай алады. 16 жастан бастап олар жұмысқа тұру үшін бос орындарға өтініш бере алады. Егер жұмыс беруші лайық деп тапса, олармен байланысады, – дейді Альбина Утемисова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 16 жастағы жасөспірімдер де Қалалық карьералық орталыққа келіп, жұмыс іздей бастайды. Әсіресе, олар официант, курьер, сатушы секілді қарапайым, бірақ табыс әкелетін жұмыстарды іздейді. Әзірге тұрақты жұмысқа оларды ешкім қабылдамайды – тәжірибесі жоқ. Бірақ қосымша табыс табу үшін қоғамдық жұмыстарға немесе маусымдық жұмысқа жіберуге болады. Мұндай қоғамдық жұмысқа жіберу үшін ата-ананың келісімі қажет. Былтыр ата-анасының жазбаша рұқсатымен мектеп оқушылары мен колледж студенттері қоғамдық жұмыстарға тартылған. Олар жазғы үш ай бойы еңбек етіп, 30 АЕК көлемінде (110 760 теңге) жалақы алған. Биыл бұл бағыт әзірге іске қосылған жоқ. Сонымен қатар, колледж немесе университет студенттері мамандықтарына сай тәжірибеден өтеді. Мысалы, штукатур-маляр мамандығы бойынша оқыған студент құрылыс компанияларына тәжірибеге барады. Бұл тәжірибе оқу орнының келісімімен бір айдан үш айға дейін жалғасады.
– Біз оларды да енбек.кз порталы арқылы тіркейміз. Тәжірибе кезінде жалақыны құрылыс компаниясы, яғни мердігер мекеме төлейді. Бұл студенттерге қосымша тәжірибе әрі табыс береді, – деп толықтырды маман.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда жасөспірімдердің еңбекке араласуына барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік бағдарламалар, цифрлық жүйелер, онлайн курстар, заңды еңбек орындары – бәрі де жас буынның дамуына бағытталған. Ең бастысы – олар қауіпсіз ортада еңбек етіп, алғашқы тәжірибе жинақтайды. Бұл – болашақ маман ретінде дамудың алғашқы баспалдағы.
Түрлі жұмыс орын
Жаз келісімен мектеп оқушылары мен студенттер тек демалыс пен серуендеумен шектелмей, пайдалы іспен айналысудың жолдарын іздей бастайды. Кейбірі қоғамдық жұмыстарға қатысса, енді бірі онлайн курс оқып, тәжірибе жинақтауға ұмтылады. Ал бірқатар жастар үшін жазғы маусым – балалар лагерьлерінде вожатый болып, аттракциондарда жұмыс істеу арқылы алғашқы кәсіби жолын бастайтын ерекше кезеңге айналады. Бұл бағыттар жастар арасында кеңінен таралған және жаз мезгілінде ең танымал маусымдық жұмыстардың бірі саналады.
Мектеп оқушылары мен студенттердің бір бөлігі жазда балалар лагерінде вожатый қызметін атқаруды жөн көреді. Бұл – тек жұмыс емес, бұл – балалармен жұмыс істеу, жауапкершілікті сезіну, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға мүмкіндік беретін орта. Вожатый болу үшін үміткердің белсенді, ашық мінезді, шыдамды әрі ұйымшыл болуы маңызды. Әдетте бұл қызметке колледж немесе жоғары оқу орнының 1–3 курс студенттері қабылданады.
Жазғы лагерь маусымы басталмай тұрып, вожатый болғысы келетін жастар арнайы дайындықтан өтеді. Оларға алғашқы көмек көрсету, балалар психологиясы, тәрбие жұмысы, ойындар мен квесттер ұйымдастыру, күн тәртібін жүргізу секілді бағыттарда теориялық және практикалық білім беріледі. Бұл курстарды әдетте мектеп жанындағы ұйымдар немесе жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырады.
Жазда ерекше жанданып, халықпен толатын тағы бір орын – саябақтар мен ойын-сауық орталықтары. Бұл жерде де жастарға жұмыс табу оңай. Аттракциондарды басқару, билеттер сату, тәтті мақта, сусындар сату, батуттар мен карусельдерді қадағалау – бұл жұмыстар жасөспірімдер мен студенттердің қолынан келеді. Әсіресе, жаз мезгілінде жастар ең көп сұранысқа ие қызметкерге айналады.
Мұнда жұмыс кестесі икемді – кейде тек кешкі уақытқа, кейде демалыс күндеріне ғана жоспарланады. Бұл – оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастар үшін тиімді мүмкіндік. Еңбекақы да жаман емес – орта есеппен күніне 5–8 мың теңге аралығында табыс табуға болады. Кейбірі күндік төлеммен жұмыс істейді, енді біреулер айлық жүйемен келіседі. Кей жағдайларда сатылған өнімге байланысты пайыздық жүйемен де есептеледі.
Жас қызметкерлерге қойылатын басты талап – адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай білу, жауапкершілік және ұқыптылық. Әсіресе балалармен жұмыс істейтін жағдайда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талап етіледі. Сондықтан да жұмысқа қабылдау алдында қысқаша нұсқаулық беріледі, кейбір орындарда медициналық тексеріс те талап етілуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, жасөспірімдердің еңбекке араласуы – бұл тек жазғы табыс табу емес, бұл – тәрбие, даму, бағыт-бағдар, тәжірибе. Жастар еңбекке ерте араласу арқылы болашақ өмірге сенімді қадам жасайды. Бүгінгі қоғам оларға барлық жағдай жасап отыр. Енді бастысы – осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану. Жастардың жазғы еңбекке деген ынтасы – олардың ертеңгі табысты болашағының кепілі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ
және кейіпкер ұсынды