Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, әлемдік деңгейдегі ең ірі және беделді жарыстардың бірі – «ICPC World Finals» халықаралық спорттық бағдарламалау сайысында еріктілер қатарында болған жас өрен
Бұл жарыс тек дарынды жастарды ғана емес, бүкіл әлемдік IT қауымдастығын бір арнаға тоғыстыратын, бағдарламалаудың болашағына бағыт – бағдар беретін ерекше іс -шара. Астана қаласының халықаралық көрме орталығында байқаудың шекті кезеңі өтті. Байқау – әлемнің түкпір – түкпірінен үздік жас бағдарламашыларды жинады.
«ICPC World Finals» сияқты халықаралық іс -шарада ерікті болу – тек көмек көрсету ғана емес, бұл – терең білім мен тәжірибені талап ететін күрделі жұмыс. Әдетте мұндай іс -шараларға еріктілер әр қаладағы мектептер, жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасынан іріктеледі. Алайда, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Александрдың бұл жарысқа қатысуы өзгеше.
– Мен қаламызда өткен спорттық бағдарламалау чемпионатының аймақтық кезеңінде жүлделі орынды иеленіп, финалдық кезеңге ерікті ретінде қатысу мүмкіндігіне ие болдым. «ICPC World Finals» секілді ауқымды халықаралық іс-шараға ерікті ретінде қатысу мен үшін ерекше тәжірибелердің бірі болды. Бұл іс-шарада мен тек бағдарламалау саласында ғана емес, сондай-ақ, жаңа деректермен танысу, адамдармен қарым – қатынас орнату және мәдениетаралық коммуникацияда тәжирибе жинақтадым, – дейді Александр Ершов.
Ерікті ретінде Александрға маңызды міндеттер жүктелді. Ол шетелдік қатысушыларға ағылшын тілінде шеберлік сыныптарының мән-жайын түсіндіріп, ұйымдастырушылар мен қонақтар арасындағы байланысты қамтамасыз етті. Бұл қызмет оның тек тілдік қабілетін ғана емес, жылдам ойлау және әрекет ету дағдыларын, қиын жағдайларда тиімді шешім қабылдау қабілетін танытты. Осындай ауқымды іс – шараларда, әсіресе халықаралық деңгейде, кез келген кішігірім қателіктің өзі бүкіл жұмысты бұзып жіберуі мүмкін. Сондықтан әр еріктінің әрекеті мұқияттылықты, тыңғылықты дайындықты және шапшаңдықты талап етеді.
– Бұл іс-шарада әрқилы тапсырмаларды орындап, еріктілердің міндеттемелеріне кіретін жұмыстарды атқардым. Бір күні мені қазақ қолөнер шеберіне көмек көрсету үшін тағайындады. Ол қатысушыларға сиыр терісінен әрқилы бұйымдарды жасау өнерін үйретіп, шығармашылық шеберлігін паш етті. Мен болса, шебердің сөзі мен қатысушылардың сұрақтарын екі тілде аударып, олардың қызығушылығын арттыруға тырыстым, – деді Александр.
Оқушының анасы ұлының жетістігіне мақтанышпен қарауда.
– Баламның халықаралық сайыстағы еріктілік қызметі, мен үшін ерекше мақтаныш. Александрдың шетелдік қатысушылармен жұмыс істеп, ағылшын тілінде шеберлік сыныптарының мән-жайын түсіндіруі мені қатты қуантты. Мен әрқашан оның жетістіктеріне сенім артып, қолдау көрсетуге дайынмын, – деді Ирина Ершова.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкер