«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары экологиялық жобаны іске асырды. Жобаның басты мақсаты – балалардың қиялы мен шығармашылығына негізделген бірегей ойыншықтар жасау.
«Dream Toy» – балалардың қиялындағы бейнелерді өмірге әкелетін ерекше жоба. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары осы жоба арқылы экологияны таза ұстауға өз үлестерін қосуда. Бұл жоба арқылы қайта өңделген темекі сүзгілерінен ойыншық жасап шығарылды. Бұл қалдықтарды азайтуға және бірегей, экологиялық таза ойыншықтар жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ, «Idea Battle» байқауында 3-ші орынға иеленіп, 200 000 теңге сыйақы ұтып алды. – Жаңа жоба бастау – әрқашан қызық әрі маңызды. «TQ-DRONE» жобасы арқылы жинақтаған тәжірибем мені жаңа бастамаға жетеледі. Бірде балалардың суреттеріне негізделген ойыншықтар жасау ойы келді. Бұл ой мені қызықтырған еді, өйткені әр бала өз қиялымен әлемді көріп, ерекше бейнелерді салады. Сонымен қатар, бір ай бұрын Үндістанда қайта өңделген темекі сүзгілерінен жасалған материалды ойыншықтарға толтырғыш ретінде пайдаланып жатқанын көрген едім. Осы екі ерекше ойды біріктіру негізінде, «Dream Тoy» жобасы дүниеге келді. Бір айдың ішінде топ құрып, алғашқы коммерциялық тапсырысқа қол жеткіздік. Баланың суреті негізінде жасалған алғашқы ойыншықты жасап, оны қайта өңделген материалмен толтырдық,-дейді жоба басшысы.
Жобаның ерекшелігі – әр ойыншық балалардың өз қолымен салған суреттері бойынша жасалуы. Сонымен қатар, экологиялық таза өнімдерді шығару басты мақсат. Бұл жоба арқылы қоғамға ерекше өнімдер ұсыну, экологиялық мәселелерге назар аудару көзделген.
-Біз тек экологияға үлес қосумен шектелмейміз. Біздің ойыншықтарымыздың құндылығы оның жасалу тарихында, балалардың жеке суреттері мен олардың қиялында жатыр. Әр ойыншық – бала мен ата-ана үшін естен кетпес естелікке айналатын, ерекше мәні бар бұйым, – деді ол.
Жоба бастау кезінде ең қиын міндеттердің бірі – темекі сүзгілерін жинау мен оларды өңдеу болды. Бұл үдеріс өте күрделі әрі уақытты қажет етті.
Темекі сүзгілерін жинау және тазалау – үлкен еңбек. Темекі сүзгілерін қайта өңдеудің барлық кезеңдері жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етті, себебі бұл материалдар балалардың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Бірнеше әдістерді зерттеп, қайсысының тиімді әрі қауіпсіз екенің анықтаған соң, жұмыс барысына кірісті. Жоба ұйымдастырушының мәліметінше, «қазіргі кезде, бұл әдіс толықтай үйлесімді әрі қауіпсіз деп саналады, бірақ оны әлі де жетілдіру жұмыстарын жалғастырудамыз».
– Баланың шығармашылығы мен отбасылық құндылықтарды біріктіріп, оларды жылдар бойы есте сақтайтын естелікке айналдыру, бірден-бір мақсатымыз. Әр ойыншық – бірегей әрі қайталанбас. Біз баланың шығармашылығын жоғары бағалап, оны келешек ұрпаққа сыйлауды мақсат етеміз. Келесі кезеңде біздің жоспарымызда – алғашқы ресми ойыншықтар топтамасын нарыққа шығару. Одан бөлек, біз балалар бөлмелеріне арналған жастықтар мен декоративті бұйымдарды шығару да ойда бар. Сондай-ақ, шығармашылық шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, балаларға өз өнерлерін көрсету мүмкіндігін беруді жоспарлап отырмыз, – деп бөлісті жоба ұйымдастырушысы.
«Idea Battle» байқауына қатысушылар өздерінің жобаларын ұсынды. Байқауға 30-дан астам өтінім түскен болатын, бірақ 19 жоба ғана іріктеліп, 1 000 000 теңге үшін жарысқа түсті. Қатысушылар өздерінің ерекше идеяларын таныстырып, жобаларының болашағын көрсетіп, ұтымды шешімдер ұсынды.
– «Idea Battle» байқауына қатысу біз үшін баға жетпес тәжірибе болды. Бұл бізге жобаны сыннан өткізуге және кері байланыс алуға мүмкіндік берді. Қазылар алқасы жобаның ерекшелігін жоғары бағалап, бірақ қауіпсіздік жағына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осы тәжірибе алдағы уақытта «Dream Тoy» жобасын жетілдіруде маңызды рөл атқарады деп сенеміз.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер